08.06.2016

"Арыстан" түлектері аттестат алды

"Арыстан" мамандандырылған лицейінің биылғы бітірушілеріне аттестат тапсырылды. Физика мен математика пәндерін тереңдетіп оқыған 80 түлек салтанатты шеп құрды. Соңғы үш жылда үздік шыққандар арнайы мадаққа ие болды. Бітірушілер күніне арналған мерекелік шараға түлектердің ата-аналары мен ардагер сарбаздар қатысты.

Сайдың тасындай сап түзеп шеп құрған сарбаздар емес. "Арыстан" мамандандырылған лицейінің түлектері - бұл төртінші жылғы бітірушілер. 2011 жылы құрылған лицейде 9-11 сынып аралығындағы 240 оқушы білім алады. Лицей басшылығы 80 бітірушіге аттестат пен арнайы төсбелгі табыс етті. Бір түлек "Алтын белгі" иегері.

"Менің арманым - Қазақстан Республикасына лайықты азамат болу. Қарулы күштер саласында қызмет етіп, әскери адам болғым келеді. Мен оқуымды Қызылжар қаласындағы Ұлттық гвардияның әскери институтында жалғастырамын",- деді бітіруші Абылайхан АЙЫМБЕТОВ.

Түлектер лицейдің "Міндет, Абырой, Ерлік" деген жазулары бар туымен қоштасып, байрақты өзінен кейінгілерге табыстады. Мамандандырылған "Арыстан" лицейінің биылғы түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуден үздік нәтиже көрсеткен. 25 түлек 100-ден жоғары балл жинапты.

"Лицейді бітірушілер болашақ мамандығын өздері таңдай алады. Болмаса, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қарулы күштерге, Ішкі істер министрлігіне немесе Төтенше жағдайлар министрлігінің жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырады. Біз аталған сала үшін жастарды дайындаймыз",- деді "Арыстан" мамандандырылған лицейінің басшысы Сәбит ТАУЛАНОВ.

Түлектер білімдерін еліміздің ең үздік жоғары оқу орындары және Ресей, Беларусь, Украина, АҚШ, Түркия мен Қытайдың белді университеттерінде жалғастырады. Соңғы жылдары лицейдің оқушысы атанамын дегендердің қатары артқан. Конкурс кезінде бір орынға 15 үміткерден келеді екен.

Аршын Кемелжан, Влад Шишко, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир