14.06.2016

Ақтөбедегі теракт және салафизм

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында имамдар Ақтөбеде орын алған оқиғаны талдап, кезекті Ғұламалар жиналасында салафизм ағымын кеңірек түсіндірді. Қазақстанда ресми түрде заңмен тыйым салынған 21 діни ағым бар. Ол Қазақстанның діни ұстанымына жат. Имамдар қауымы енді Үкіметтен осы салаға қатысты заңды күшейтуді сұрайды. Әйтпесе ағартушылықпен бұл мәселені шешу мүмкін емес көрінеді.

Бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім, адамзаттың асыл құндылықтарын қазақ елі ежелден бағалаған. Әйтсе де, Ақтөбеде орын алған оқиға имамдарды да бей-жай қалдырмапты. Олардың айтуынша, Қазақстанда діни сауат ашатын кітаптар жоқтың қасы. Онымен қоймай, жастарға  исламды дұрыс түсіндіретін ұстаздардың да саны тіптен аз көрінеді. Мұның барлығы дұрыс емес діни ағымның жетегінде кетуге мол себеп. Алланың атын жамылғандардың арам пиғылын имамдар тарапы құптамай отыр. Ал шын мәнісінде ислам діні күллі адамзатты бейбітшілікке, тыныштыққа және сыйластыққа шақырады.

"Ақтөбеде орын алған лаңкестік әрекетті ешқандай да исламға қатысы жоқ екендігін және олар мұсылман деп діннің атын жамыла отырып, осындай іс-әрекеттерге баратындықтарын біз қатты айыптайтындығымызды жариялап отырмыз. Осы лаңкестік жағдайлардың яки болмаса осы дін арасындағы алауыздық болуына себепкер болып жүрген мәселелердің негізгі түп-тамыры біздің еліміздегі діни сенім еркіндігіне алғашқы жылдары еркіндік берілген кезеңді, мейлінше пайдалана отырып, сыртқы діни ағымдардың біздің елімізде өз насихаттарын жасап, үлкен топ болып, тіпті соңында ықпалды күшке айналып бара жатқандығының айқын көрінісі",- деді ҚМДБ наиб мүфтиі Серікбай ОРАЗ.

Ақтөбеде орын алған жағдайға дін қызметкерлері кейін де тереңірек талдау жасамақ. Жалпы Қазақстан мұсылмандары діни сенімде Орта Азияда қалыптасқан Әбу-Қанифа Мазхабын ұстанады. Бұл дін қазақтың салт-дәстүрлеріне қарама-қайшы келмейді, қайта бір-бірімен септесіп жатқан көрінеді. Ал, басқа жат ағымның дін өкілдерін өмірге деген көзқарасынан, айтқан пікірінен білуге болады деп отыр имамдар. Қазір жалпы жұрт арасында қиындық туғызып отырған діни ағымдардың бірі - салафизм. Бұл елде қалыптасқан дәстүрлі жолды жоққа шығаруға деген барынша ұмтылушылық. Елімізде 2 жарым мыңнан астам мешіт және 3 жарым мыңнан астам дін жолында қызмет ететін азаматтар бар. Бірақ оның өзі де аздық етіп отыр екен. Енді лаңкестердің іс-әрекетіне байланысты ғалымдар пікіріне құлақ түрсек.

"Ақтөбеде орын алған қайғылы жағдай Қазақ елін бір дүрліктіріп тастады. Әсіресе қасиетті Рамазан айында осындай қайғылы жағдайдың орын алуы өте өкінішті жай. Бұл еліміздің тыныштығын бұзып, болашағымызға балта шабу үшін әдейі ұйымдастырылған әрекет деп есептейміз. Осы қантөгісте қаза тапқан отбасылардың туған-туыстарына көңіл білдіреміз. Бұл оқиғаның асыл дінімізге ешқандай қатысы жоқ екендігін мәлімдейміз",- деді ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат ОҢҒАРОВ.

"Ақтөбедегі орын алған жағдай бұл сәләфилік діни ағымға тән деп қазір мамандар айтып отыр. Алдағы уақытта бұйырса сәләфилік ағымның қызметі де "экстремистік" деп танылып, оған тыйым салынатын соттың шешімі немесе арнайы заң қабылданады. Оның әр түрлі деңгейі бар. Жаңағы алғашқы қадам басушылар соның сенімін ұстанғанмен әлі радикалданбаған шоғыры. Содан кейін шеттен шығып радикалданған. Тіпті жаңағы жихадқа ұран көтеретін Сирияға, Иракқа соғысып жүргендері секілді бірнеше категориядан тұрады. Барлығын қосқанда 100 мыңның үстінде",- деді  Исламды зерттеу бөлімінің басшысы Мұхан ИСАХАН.

"Исламның атын жамылып, біздің біріншіден Қазақстандағы қазақтардың, мұсылмандардың қаншасын өлтіріп жатыр? Бұл біздің дінімізге жат болған. Ислам діні - зорлық-зомбылыққа қарсы дін. Құран Кәрімде сіздер бір-біріңізге көмектесіңіздер, тағауылықта, жақсылықта дейді. Бір-біріңе көмектеспеңіздер, дұшпандықта және күнә жұмыста",- деді ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Абдусаттар СМАНОВ.

Прямой эфир