14.06.2016

Адам суицидке не үшін барады - психологтар зерттеуі

Елімізде суицид дейтін «індетке» әлі ем табылмады. Өз-өзіне кірпік қақпай қол жұмсайтындар арасында ересегі де, есі кірмеген, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған баласы да бар. Адам өмірімен қалай ғана оп-оңай қоштаса салады? Олардың түпкі қадамға баруларына не түрткі? Тұрмыс тауқыметіне төзбеушілік пе, әлде иманның әлсіздігі ме? Бәлкім, қазақы тәлім - кенжелеп қалған шығар? Біз үйге барғанда бауыр етіміз балаларға не айтамыз? Олармен санасып, ойын тыңдаймыз ба? Мұны сұрауымда себеп бар. 
Психологтардың дені  суицидке баратындар  іштей тұйықталып, жақындарымен сырласа алмайтындар дейді. Бала кезден өз мұңы тек өзіне ғана жады болып артылғандар есейе келе, керексіз хәлге түсіп, о дүниеге аттана салады.

Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Жаратқанның тартуын тәубе етіп, соны сүріп жатқандар бар арамызда. Ең қызығы - олар кемтар жандар. Тұрмыс тауқыметі немесе шиеленіскен әлеуметік проблемалар көп адамды жегідей жеп, мезі етіп жатса, олар  саулығында кінәрат болса да, мүсәпір хәлге түспеді. Қиындықпен күресті, жарқын келешек үшін тырбанып жүр. Сонысын мақтан тұтады.

"Мен өзімді мүгедекпін деп есептемеймін. Барлық адамдардай толыққанды өмір сүремін. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысамын, бір орында отырмаймын",- деді әлеуметтік менеджер, жартасқа өрмелеуші Кенжеғұл СЕЙІТЖАН.

 Осындай жігерлі жандарға қарап, намысты жануға болады. Жығылғандар болса, жатқандарын жыр қылмай, осыларға қарап түрегелсе екен дейсің. Қазақстанда әуелде айтқанымыздай суицид саны сиремей тұр. Тіпті, көш басынан көрініп тұрмыз деуге болады. Шалт қадамға шімірікпестен баратындарға не әсер етеді? Балалар ғаламтордан көргендерін жасай ма? Тығырықтан шығу үшін не істеу керек? Сансыз сауал  ойды сан-саққа жібереді. 

Бүгінде қанды қырғынсыз өздерін-өздері өлтіріп жатқан тағы бір дерт дендеп тұр. Суицид. Әлем елдерін алаңдатқан өзекті мәселенің бірі. Әсіресе кәмелет жасына толғандар арасында тіркелген өлім көп. Өкініштісі, тізімнің көшін Қазақстан бастап тұр.

"Қазақстан қазір суицид бойынша бірінші орында тұрғандықтан, елімізде ең алдымен екі мәселені шешу керек. Ол мәселелерді біздің Қазақ психологиялық қоғамы ұсынып отыр. Біріншісі - Қазақстанда жеткіншектердің суицидтің привенциясы туралы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Екіншісі  Қазақстанда психологиялық денсаулық туралы заң қабылдануы керек",- деді Қазақ психологиялық қоғамының президенті Мұқан ПЕРЛЕНБЕТОВ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жылына шамамен 10-20 миллион адам суицид жасауға бекінеді екен. Олардың бір миллионға жуығы өз өмірімен қоштасады. Еуропалық елдерде өзін-өзі өлтіру адам өлтіруге қарағанда шамамен үш есеге көп. Қорқынышты дерек біздің елде де тіркелген. Бас прокуратура мамандары жыл сайын Қазақстанда шамамен 2,5 мың адам жол апатынан мерт болса, 3,7 мың адам өзіне-өзі қол жұмсап, бақилық болады дейді. Ерлер тарапы көп жағдайда асылу арқылы өмірімен қош айтысса, әйел адамдар дәрі ішу арқылы жиі суицид жасайды.

"Қазіргі кезде суицид дерті қоғамда күрделі мәселе болып отыр. Әсіресе жастар арасында өзіне қол жұмсайтындар көп. Түрлі фактілер де қарастырылды. Осыған орай қазіргі таңда баларлармен түрлі семинарлар өткізу сәнге айналды. Сондай ақ, ата-аналар балаларына қатты көңіл бөлуі керек, олар көбінесе өздерінің іс әрекеттерімен, немесе сөздерімен бір белгі бергендей болады, соған назар аударған жөн",- деді "Дағдарыс орталығы одағының" басқарма төрайымы Зульфия БАЙСАКОВА.

Сонымен қатар, әлемде балалар арасында да суицид өршіп барады. Оған баянсыз махаббат, ата-анасымен ұрыс, болашақ үшін қорқыныш, қатарластары тарапынан мазақ қылу, өмірдің мәні болмауы немесе жоғалуы сияқты жағдайлар себеп дейді зерттеушілер. Бұл Қазақстанда да өзекті мәселе. Құзырлы орынның дерегінше, елімізде ең көп тіркелген суицид жасайтындар - 15-19 жас аралығындағы жастар.

"Суицидтік мінез-құлыққа ұмтылатын адамға еш уақытта жақындап барып қатты құшақтамау керек екен. Ең бірінші құшақтаса, ол қашады. Сондықтан ең бірінші ата-аналар балаларының көңіл-күйіне баса назар аудары керек. Екінші - әлеуметтік желілерде қай жерде отыр, ол қандай сайтта отыр, не істеп жатыр, баланы күндіз-түні бақылау керек",- деді Қазақ психологиялық қоғамының президенті  Мұқан ПЕРЛЕНБЕТОВ.

Қазіргі кезде жастар өздерінің өмірін бағалауды білмейді,- дейді психологтар. Яғни, олар туындаған мәселені ешкіммен бөліскісі келмейді немесе дәті бармайды. Сондықтан ата-ана ерте бастан баланы ойын ашық айтуға, төзімділікке тәрбиелеу қажет деп санайды мамандар. Бүгінде елімізде жасырын хабарласуға болатын арнайы қызметке өзіне қол жұмсағысы келетін жасөспірімдер көп хабарласып, көмек сұрайды екен.

"150 нөмірі - бұл тәулік бойы және тегін хабарласуға болатын қызмет түрі. Қай уақытта, Қазақстанның қай жерінде болмасын, әр кез хабарласуға болады. Нөмірін де жаттауға оңай. Біз жасырын, құпия түрінде жұмыс істейміз. Хабарласқан балаларды біз мұқият тыңдап, ата-анасымен сөйлесуге, қандай жағдай болмасын мойымау сияқты түрлі кеңес береміз",- деді "Дағдарыс орталығы одағының" басқарма төрайымы Зульфия БАЙСАКОВА.

Тығырықтан шығар жол бар. Мамандар жасөспірімдердің эмоциялық жағдайына назар аударып, мінез-құлқын мұқият бақылап, қадағалап жүрсе, суицид белгілерін дер кезінде тануға, оның алдын алуға болады деп санайды.

"Мен балалар үйінде өстім. Бұл жерде күйзелістік жағдайға тап болатын жеткіншектер көп. Олар түрлі дәріні ішіп алатын, бірақ оларды дер кезінде құтқарып қалатын. Осындай балаларға көмек ретінде мен арнайы бағдарлама аштым. Басты мақсат - күйзелісте жүрген, өзін жалғыз сезініп жүрген жетім балаларға көмек көрсетіп, өмірге деген құлшынысты арттыру",- деді әлеуметтік кәсіпкер Рафаэль ГАСАНОВ.

Кенжеғұл Сейітжан зағип болса да, өмірге деген құлшынысы ерекше. Қызығатыны - жартасқа өрмелеу. Ол өзге түгіл 12 мүшесі сау адамдардың қолынан келмейтін істі тындыра алады.

" Мен өзімді мүгедекпін деп есептемеймін. Барлық адамдардай толық қанды өмір сүремін. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысамын, бір орында отырмаймын. Ал, жартасқа өрмелеу маған шабыт береді. Шыңға шыққанда бір тау-тасты қопарғандай боламын. Жартасқа бұрыннан шыққым келетін, бірақ көзім көрмегендіктен, ондай мүмкіндік жоқ деп ойлайтынмын",- деді әлеуметтік менеджер, жартасқа өрмелеуші Кенжеғүл СЕЙІТЖАН.

Ерлік білектің күшімен де, семсерді сермей білумен де өлшенбейді. Ол басқа түскен тағдырға көніп, оны көтере білумен де шектеліп қалмайды. Нағыз ерлік - өмірдің сынына қасқайып қарсы тұрып, бірінші кезекте өзгені емес, өзіңді жеңе білу деген сөз. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Сондықтан тұсаудай ғана тұтам тірліктен ерте кетуге асықпа!

Еңлік Мұратқызы,Ялкунжан Әшімжанов, Влад Шишко,  "Алматы апталығы"

Прямой эфир