20.06.2016

Алматы қалалық ауруханасында жаңа жүйе енгізілді

Елімізде тұңғыш рет медициналық көмекті стационер деңгейінде көрсететін әлемдік стандартқа сай «Emergency room» жобасы іске қосылды. Тың жүйе Алматыдағы №4 аурухана базасында жүзеге асқан. Енді ол ауруханаға ем іздеп барған науқастар дәрігерге көріну үшін ұзын-сонар кезекке тұрмайды. 

Қазақстан бойынша алғаш болып халықаралық стандарттағы «Emergency room» жобасын іске асырған №4 қалалық аурухана ақ халаттылары дертіне дауа іздегендерді дәл осылай кіре берістен күтіп алады. Нәтижесінде науқастар қабылдау бөлімшесінде уақыттарын жоғалтпай, шұғыл көмекке ие болады. Мынадай перделермен оқшауланған жерде әр науқасты 5-6 маман бірден қарап, әрқайсысы диагноз қояды. Ал, науқаспен бірге келген туған-туысқа арнайы бөлме жасалған. Бұрын тәулігіне 180 адамды қабылдайтын аурухана жаңа жүйені енгізгелі бері күніне 260 адамға көмек көрсетеді екен.

"Осы жерде алып келе жатқан жедел жәрдем түрдегі ауруларды дәрігерлердің өздері қарсы алады. Кушеткаға кісі жатады. Өздері қарсы алады да, өздері бәрін мультидисциплинарлы дейді, 5-6 мамандық бойынша бірдей көреді. Онда  уақытты, диагнозды, емді 2-3 есе ыңғайлы. Осы жағдайда салыстырғанда бұрынғыға қарағанда 2 есе жылдам болды",- деді Манат  Алматы қаласы №4 клиникалық аурухананың бас дәрігері СЕЙДУМАНОВ.

Электронды денсаулық қызметінің бұл түрі медицина қызметкерлерінің өздеріне де ыңғайлы. Олар ең бастысы қағазбастылықтан құтылдық дейді. Дәрігерлер науқастардың диагнозын қағазға түсіріп әлек болмай, бірден смартфон арқылы ауызша айтады. Ал, сол мезетте компьютер өз бетімен дәрігердің аузынан шыққан сөзді теріп береді. Сондай-ақ олар науқастың анализ талдамаларын, рентген аппаратынан түсірілген суреттерді дәл осы компьютер базасына сақтап, қажет кезінде серверден өздеріне ала алады. Әзірге ақпараттық жүйе тек орыс тілінде іске қосылған болса, жобаны жасаушылар жақын күндері оның қазақ тіліндегі нұсқасын да жүзеге асырмақ.

"Жаңа жүйе өте ыңғайлы, уақытымызды үнемдеуге көп көмегі бар. Ең бастысы бірыңғай база пайда болды. Мәселен, мен өзім қараған науқас аурухананың қай бөлімшесінде жатса да, мен кез келген уақытта оның диагноздарын қарау үшін базаға кіріп, өзге дәрігерлер қойған сырқат түрлерін де қарай аламын. Әуелде бізге қиын болды, бірақ 1-2 аптадан соң тілін меңгеріп кеттік",- деді Алматы қаласы №4 клиникалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Тагир КЕНЖЕГАЛИЕВ.

Тыңнан түрен салған «Emergency room» жобасын жүзеге асыру үшін бас-аяғы 17 млн теңге жұмсалыпты. Бұл қаржы аурухананың өз есебінен жұмсалған. Қазақстанда алғаш рет қолға алған халықаралық медициналық жобаны тіпті «Универсиада - 2017» ойындарының сарапшылары көріп, жоғары бағасын беріпті.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир