20.06.2016

Нөсер жауыннан Алматы Кіші Венецияға айналды

Абай, Достық және әл-Фараби даңғылындағы жер асты өткелдері су астында қалды. Ал, "Алғабас" ықшам ауданында бірнеше үйдің шатырынан су ағып, тұрғындарды әбігерге салыпты. Айта кетейік, төтеншеліктер 16 маусым күні ұялы байланыс операторлары арқылы жауын-шашын туралы тұрғындарға хабарлама таратқан болатын. 

Әл-Фараби даңғылындағы жер асты өткелдері лай судың астында қалды. Көлік қозғалысына, тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтірген бұл жағдай жауын-шашынның салдары. Дегбірі қашқан алматылықтар бастарын қауіпке тігіп, зулаған көліктер арасынан өтіп жатыр.

Толассыз жауған жаңбыр жер асты көлігінің бекетін де басып қалды.  Жароков көшесінде орналасқан метроның "Алатау" бекетінің кіре берісіне су толып қалған. Дереу іске кіріскен төтенше жағдай мамандары суды жедел сорғызыпты. Десек те табиғаттың тосын жағдайы жерасты көлігінің қозғалысына ешқандай кедергі келтірген жоқ.

"16 маусым күні Астана уақытымен сағат 20:00 де Жароков көшесі жағынан су басты. Суару жүйесі көп мөлшерлі суға ие бола алмай "Алатау" бекетіне кірді. Екі сағат өткен соң бұл мәселе толығымен шешілді. Барлық жұмыстар жүргізіліп, түнде барлық станса құрғақ болды. Жұмысты әскерилер,  төтенше қызмет қызметкерлері атқарды",- деді «Метрополитен» МКМ директорының көмекшісі Ажар ХАБИЕВА.

Ал, бұл кадрларда арықтан аққан су арнасына сыймай жаяу жүргіншілер жолын басып қалғанын көруге болады. Құдды бір Венеция қаласы дерсіз. Амалы құрыған тұрғындар суды кешіп өтуге мәжбүр. Жауын-шашын салдары "Алғабас" ықшам ауданындағы үйлерді айналып кетпеді. Мұнда бірнеше көпқабаттының шатырынан түнімен су ағып, тұрғындардың есін шығарған.

Пәтер иелері кооперативінің қызметкерлері тек ертесіне ғана келіпті. 19-шы үйдің тұрғындары жиналып, дәлізге жөндеу де жүргізген. Бірақ еңбектерінің еш кеткенін айтып налуда.

Ал мамандар болса, олқылықтың орнын толтырып, барлығын ретке келтіреміз деп сендірді.

Қазгидромедтің болжауынша, алда тағы жаңбыр жауады деп күтілуде. Дегенмен құзырлылар жаңбыр салдарын жоюға барлық техникалар дайын деп отыр.

"Қаланың арық жүйесі мол жауған жаңбыр суын толық ағызып үлгермей жатыр. Сол себепті 61 техника мен 173 адамды жұмылдырдық. Сонымен қатар, қаладағы барлық арнайы қызмет өкілдері де жауын салдарын жоюға атсалысты. Су басу фактілері шаһардың төменгі жағында тіркелді. Әл-фараби даңғылы мен Есентай өзені де қиындық туғызды. Бірақ қазір барлығы бақылауға алынды",- деді Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің бас маманы Александр Сергеев.

Алматы қаласында 1200 шақырым арық жүйесі бар. 2010-2015 жылдары 113 шақырым арық жөндеуден өтсе, биыл 15 шақырымнан астам суағарға күрделі жөндеу жүргізілмек. Еске сала кетейік, биыл қалада жауын-шашынның мөлшері өткен жылмен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жеткен болатын.

Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир