28.06.2016

Алматы базарларында сібір жарасы ауруы жұққан еттердің бар екендігі шындыққа жанаспады

Қауіпті ауру туралы қауесет негізсіз! Алматы қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы түйнеме ауруын жұқтырған ірі қараның еті қаладағы сауда орындарында сатылған деген ақпаратты жоққа шығарып, тұтынушыларды сабырға шақырды. Ветеринарлар, тіпті түйнеме тараған өңірден ет өнімдері тасымалданбайтынын да айтып отыр. Ал, қала базарларында саудаланатын барлық өнімдер арнайы зертханада жіті тексеріледі деп сендірді. Соған қарамастан, ветеринарлық дәрігерлер барлық ет өңдеуші кәсіпорындар мен қаладағы сауда орындарында қадағалауда күшейте түспек.

Халықтың күдіктенуіне аудио жазба себепкер болған. Хабарлама халық арасында мессенджер арқылы тарап кетті. Онда түйнеме ауруының нақты қай елді-мекенде таралып жатқаны айтылмаған. Дегенмен, әр аймақтың беймаза тұрғындары хабарламаны өз тұрғылықты жерімен байланыстырып жатса керек.

«Адамдар Алматыда сібір жарасы шықты ма деп хабарласып, сұрап жатыр. Теледидардан көріп жатырмыз деп талай клиенттерім қоңырау шалып жатыр. Біз түсіндіріп жатырмыз. Қарағандыдағы жағдай бөлек. Карантинге жабылды, ет жіберілмейді, сатылмайды. Бізге балалар етті ерте әкеледі. Біздің арнайы зертханамыз бар, тексеріледі», - деді Гүлнәр Әсімханова.

Көпті алаңдатқан аудио жазбаның Алматыға еш қатысы жоқ. Қаланың бас ветеринарлық дәрігері Бауыржан Абызбаев Алматы базарларындағы өнімдер сөрелерге қойылудан бұрын жіті тексерілетінін айтты. Қазір басқарманың мамандары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен.

«Алматы қаласының аумағында мал дәрігерлік - санитарлық сараптамасы қарастырылған 24 сауда орны шоғырланған. Қалаға тасымалданатын барлық ет өнімдері ветеринардың қатаң тексеруінен өтеді. Сонымен қатар, түйнеме ауруы тіркелген аймақтардан ет өнімдерін әкелу дерегі тіркелген жоқ», - деді Алматы қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан АБЫЗБАЕВ.

Өзгеріске сәйкес қалалық ветеринарлардың жұмысы таңғы 4:00-те басталады. Ірі сауда орындарындағы өнімдер зертхана мамандарының тексеруінсіз сатылымға жіберілмейді. Базарларға жеткізілетін азық-түліктер қауіпсізідігін растайтын құжаттарымен жеткізілгенімен, ветеринарлар тағы тексеруден өткізеді. Мамандар өз кеңестерімен бөлісті.

«Сойылған малдың етінен сібір жарасының бар-жоғын бірнеше белгі арқылы анықтауға болады. Айталық, мал еті қою-қошқыл түсті болса, қаны қатпай, тамырлардан тоқтаусыз ағып жатса, онда ол - тұтынуға жарамсыз азық. Оның үстіне, ондай еттен қолқа қабар иіс шығып тұрады. Ал, жарамды еттің түсі - ашық-қызыл болады», - деді Алмалы ауданы мал дәрігерлік-санитарлық сараптама зертханасының меңгерушісі Роза ИМАШЕВА.

Қалаға тасымалданатын өнімдерді күнделікті 35 мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер қадағалап отырады. Алматы қаласына ет көбінесе Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан жеткізіледі. Орташа есеппен қала базарларына бір аптада 240 тоннадан аса мал шаруашылығы өнімдері әкелінеді.

«Заң талаптарына сәйкес, күнделікті бақылау, қадағалау жұмыстары жүргізіледі. Келіп түскен мал өнімдері ветеринарлық сараптамадын өтіп ветеринарлық құжаттармен келеді. Қазіргі таңда кейінгі жағдайларға байланысты жұмыс күшейтілді. Қадағалау бақылау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы Алматы қаласы бойынша, аудан бойынша жағдай қалыпты», - деді Алмалы ауданының мемлекеттік ветеринариялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Ғазиз САТЫЛҒАНОВ.

Мамандар күнделікті тұтынатын тауарларды сенімді орындардан алуға кеңес береді. Өйткені, мұндағы өнімдер тек арнайы мөрмен ғана жіберіледі. Жабайы сауда орындарынан сатып алынған өнімдердің қайдан жеткізілетіні белгісіз.

Перизат Көмекбайқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир