27.06.2016

Ұлттық тұтынушылар лигасы сүт өнімдерінің құрамына алаңдаулы

Ұлттық тұтынушылар лигасы дүкен сөрелеріндегі сүт өнімдерінің құрамына алаңдаулы. Өйткені тыйым салынған түрлі қоспалар, тіпті онкологиялық ауру тудыратын пальма майы да қосылады деген пікірде. Қауіпті өнімге ұрынбау үшін ең алдымен тұтынушы сауатын арттыру керек дейді сарапшылар.

Дүкен сөрелерінен тауарлардың түр-түрін кездестіресіз. Ал оның ішінен арзанын әрі сапалысын қалай таңдауға болады? Тұтынушылар құқығын қорғаушылардың ойынша, қазақстандықтардың барлығы дерлік бұл мәселеге немқұрайлы қарайды. Өйткені өнімдердің құрамынан түрлі қоспалар табылып жатады. Солардың бірі - өсімдік майлары. Пальма майы Африка тұрғындары үшін ауа райын ескеретін болсақ аса қауіпті емес. Ал қазақстандықтар үшін тұнып тұрған канцероген: жүрек-қан тамырлары ауруларын туғызуы мүмкін. Ал бұл қоспалар көбінесе сүт өнімдерінде кездеседі.

«Дүкенге кіре қалсаңыз мұздатқыштағы йогурттарды көресіз. Бағасы жағынан арзан болуы мүмкін, бірақ бұл өнім мен тірі бактериялардың айырмашылығы бар. Пастерленген өнімдерді де мұздатқышқа салудың қажеті жоқ. Олар аллергия туғызуы мүмкін. Өйткені олардың қоспасы көп», - деді Ұлттық Тұтынушылар Лигасының мүшесі Сәния БАЙСАҚАЛОВА.

Өнімдерге түрлі қоспаларды қосу заң жүзінде шектелмеген. Дегенмен өндірушілер тауардың құрамын қаптамасына тайға таңба басқандай қылып көрсетуі керек. Ал «жосықсыз өндірушілер» 100 пайыз табиғи өнім деп көрсетіп, заңды бұзғандарын ескермейді.

«Жүргізген зерттеулерімізге сәйкес, соңғы кезде балалар кәдуілгі сүтті қабылдамайды. Олар үшін тәтті емес, керісінше дәмдеуіштер қосылған сүт өнімдерін тұтынғанды жақсы көреді. Сондықтан ең алдымен тұтынушылар мәдениетін, сауатын көтеру қажет. Бұл өмір сапасын аз да болса жақсартады деп ойлаймын», - деді Ұлттық тұтынушылар лигасының төрайымы Светлана РОМАНОВСКАЯ.

Тұтынушылар құқығын қорғаушылар жаңа заңға сәйкес сатушы немесе тауар өндіруші енді жауапкершіліктен жалтара алмайтынын айтуда. Әрине, тұтынушының өміріне, денсаулығына зиян келтірсе. Ал азаматтарға тауарды сатып алмас бұрын оның түріне, жарамдылық мерзіміне, сапасына баса назар аудару қажет. Светлана Романовскаяның сөзінше, келіп түскен шағымдардың көпшілігі тұрмыстық техника, медициналық және туристік қызметтер бойынша. Ал соңғы уақытта мобилді байланыс операторларының сапасы бойынша шағымдар көбейе бастапты.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир