10.06.2016

Алматы мен Үрімжі арасындағы ынтымақтастық нығая түспек

Үрімжі мен Алматы арасындағы қарым-қатынас одан әрмен нығая түседі. Қытайлық тарап біздің елмен сауда-экономикалық байланысты жаңа деңгейде өрістетуді көздеп отыр. Бұл туралы Шыңжаң Ұйғыр автономиясының Сыртқы істер канцеляриясында мәлім болды. Шыңжаң өлкесі Қытай Халық Республикасының индустриялды орталығы саналады. Сондай-ақ экономиканы қозғаушы негізгі күштің бірі. Бұл аймақта металлургия, мұнай және жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамыған. Шет ел асып, Шыңжаңдағы өндірісті өз көзімен көріп келген әріптесім Үмбетәлі Меймеш Қытайға барған сапарынан сыр шертсін.

Алматы мен Үрімжі арасындағы қарым-қатынас жаңаша қарқынмен дамитын болады. Жақын күндері қытайлық шаһар басшылығы біздің қаламен сауда-экономикалық байланысты үдетуді көздеп отыр. Соңғы 5 жылда Қытайдың индустриялық орталығы болып есептелетін аймақтың экономикалық көрсеткіші 10 пайызға өскен. Өндіріс тамырына қан жүгіріп, ұлттық экономикадағы қызмет көрсету сапасы 55 пайызға жақсарған. Осы аралықта 2 жарым миллион жаңа жұмыс орны ашылған. Енді олар көне «Жібек жолын» жаңғыртуды қолға алыпты. Тың жоба сәтті жүзеге асса, қытайлық кәсіпкерлер өз өнімдерін біздің ел арқылы кәрі құрлыққа тасымалдауға мүмкіндік алады. Ал, бұл  Үрімжі мен Алматы арасындағы байланысты ажырамастай етіп бекітері сөзсіз.

Біз тұрған Үрімжі қаласының орталығында су жаңа техникалық-экономикалық аймақтың құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Логистика бас орынға қойылған. Жолаушылар тасымалы мен жүк тасымалының барлық түрі бір жерге шоғырланады. Одан басқа ірі сауда аймағы да бар. Демек қазақстандық кәсіпкерлердің осында келіп сауда жасауына ешкім кедергі келтірмейді.

Экономикалық аймақ екі жылдан соң іске қосылады деп күтілуде. Ал, қаржыландыруға кеткен шығын да қыруар. Себебі Үрімжі жылдам сауда аймағына айналуы тиіс. Қазір Еуропалық бизнесмендер қызығушылық танытып үлгеріпті.

"Бәріне белгілі Қытай "Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуін" ұсынып отыр. Біз Қазақстан мен Қытайдың екіжақты дамуы арта түсетініне сенім білдіріп, қазақстандық қаржыгерлер біздің жобаға инвестиция салады деген үміттеміз. Қазір аймақта ең бірінші кезекте көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Яғни, саудагерлер оңай келіп, оңай кетуі маңызды",- деді ҚХР ШҰАР Кешенді әкімшілік канцеляриясы комитетінің директоры Чжоу ЦЗЕ.

Даму жоспарына сәйкес, алдағы 5 жылда Үрімжіде 10 бірдей жаңа ықшам аудан пайда болады. Олар елдің индустриясын ілгерілетуге серпін бермек. Әсіресе, жеңіл және энергетикалық өнеркәсіпке жіті мән беріледі. Үрімжі басшылығы қалада 3 бірдей база құруды жоспарлап отыр. Олар мұнай, газ және химиялық өндіріс орындары. Сонымен қатар, іргедегі көршілер күн энергиясын жақын күндері дамытады. Өйткені бүгінгі нарықта бұл салаға деген сұраныс  өте көп екен.

Бұл құрылғы - жел диірменінің бір ғана бөлігі. Яғни, 60-120 метрге жететін бағанның ең ұшына қойылады. Айналасына үш диірмен келеді. Қуаттылығы 3 мыңнан 7 мың отбасын электр желісімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұл құрылғы Еуропаның және әлемнің біраз елдері сұраныс білдірген. Ал, Қазақстанға әзір жете қойған жоқ.

Бұл цехтан жыл сайын бірнеше мың биік баған жасалады. Құрастырушылар құрылғыны Астанада өтетін "ЭКСПО-2017" бүкіләлемдік көрмесіне қоюды жоспарлап отыр.

"Қазір, жел электр стансаларын біраз мемлекеттер қолданып жатыр. Оның ішінде теңіз бен мұхитқа жақын елдер көп. Яғни, үнемі жел тұратын аймақтар. Ол елдерде жел энергиясын дамыту мүмкіндігі жоғары. Біз Қазақстанды да зерттеп көрдік. Сіздердің ел жел энергиясын өндіруге жұмсалатын табиғи газға өте бай. Дегенмен алдағы уақытта Қазақстан тарапынан да сұраныс болады деп ойлаймыз",- деді  «Gold Winde» корпорациясының бас директоры Ян СУЕ ЦЮН.

Қазақстан мен Қытай арасындағы саудаайналымы соңғы жылдары 20-дан 40 млрд долларға жеткен. Бүгінде екі елдің көптеген саланы, оның ішінде сауда-саттықты дамытуға арналған бірлескен жобалары көп. Демек Қазақ елі Қытай тауарын импорттап қана қоймай, көрші елге жөнелтілетін отандық өнімдердің санын артырады деген сөз.

Үмбетәлі Меймеш, Ильзат Акчурин, Атлан Нұрланұлы, "Алматы" телеарнасы Үрімжі қаласынан

Прямой эфир