08.06.2016

Ресейлік сарапшылар Алматы зообағын жақсы бағалады

Алматының зообағына зор құрмет. Мәскеулік сарапшылар Алматы хайуанаттар бағын жақсы бағалады. Зообақта тіпті кейбір аңдарға жақсы қарағандықтан, шамадан тыс тамақтанып та жүр екен. Бұны көрген Ресейден келген комиссия керісінше біздің зообаққа қызығып отыр. Қалалық әкімдік пен зообақ басшылығының шақыртуымен келген топ хайуанаттар бағынан бәле іздеуге емес, жануарлардың жағдайын барынша жақсарту үшін көмектесуге келіпті. Қоғамды дүрліктіретіндей еш мәселені көрмеген олар болашақта зообақты кезең-кезеңімен жөндеуден өткізу керек деп қана кеңес берді. 

Мәскеудің хайуанаттар бағынан ветеринар мен арнайы мамандардан құралған бір топ Алматының зообағына қалалық әкімдіктің шақыртуымен келіпті. Олар қоғамды дүрліктірген зообақтағы жануарлардың жағдайын 4 күн бойы бақылаған. Сөйтіп, жоқ нәрседен шу шығарғандардың ісіне таң қалды. Аңдарды тексеріп шыққан олар арықтап, ауырған жануарларды көрмедік деп отыр. Қайта шамадан тыс тамақ берілетіндіктен, кейбірін лажы болса уақытша диетаға отырғызу керек дейді. Алматыдағы зообақтан орасан зор кем-кетік таппаған олар болашақта әріптестерімен іскерлік қарым-қатынас орнатпақ ниетте. Тіпті қаладағы хайуанаттар бағы қызметкерлерін ғылыми тәжірибиеден өтуге де ұсыныс білдірді.

"Біз ең бірінші күні келгенде-ақ зообақтың жағдайына жақсы деген бағамызды бердік. Өйткені, аңдардың шынында да денсаулығы жақсы, ал тұратын мекен-жайлары таза, әрі жайлы болып шықты. Бірақ жақсы жағдайды тағы да жақсарта берсе, оның несі жаман? Тек аңдардың кішігірім бөлігінің торын ауыстыру керек дейміз",- деді ЕАРАЗА ұйымының атқарушы директоры, Мәскеу хайуанаттар бағының ғылыи-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Владимир ФРОЛОВ.

Құрамында Евроазиаттық аймақтық зообақтар мен аквариумдар ұйымының мамандары кірген комиссия қызметкерлердің аңдарға аса мейірімділікпен қарайтына көз жеткізіпті. Мәскеу мен Алматының зообақтарын салыстырған мамандар біздің қаланың мүмкіндігі мен жағдайы басқаларға қарағанда өте жақсы деп баға берген. Тек бір ғана айтқан кеңесі - ол болашақта зообақты күрделі жөндеуден өткізу екен. Барынша аңдарға ыңғайлы болуы үшін торларды кеңейту қажет.

"Шынында да біз қауіп төніп тұрған жануарларды іздесек те таппадық. Азған, жағдайы нашар аңдар жоқ. Ал, ветеринарлар жағынан қарасақ, мамандар жақсы қараған екен. Бұл сала әлі де дамуды талап етеді. Сондықтан алматылық мал дәрігерлеріне де беретін бағамыз жақсы",- деді мал дәрігері (Эстония) Александр СЕМЕНОВ.

Айта кетейік, жануарлардың өліміне қатысты да комиссия пікір білдірді. Айтуларынша, өлім мен туу зообақта орын алатын қалыпты жағдай. Сондықтан түймедей нәрседен түйедей дау тудырудың қажеті жоқ деп санайды. Естеріңізде болса, соңғы рет хайуанаттар бағындағы шу Құралай атты жолбарыстың өлімінен кейін өршіп кеткен еді.

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир