14.06.2016

Алматы вокзалында сурдоаудармашылар жұмыспен қамтылады

Алматы вокзалында сурдоаудармашылар жұмыспен қамтылмақ. Есту қабілеті нашар жолаушылар үшін «Surdo-online» әлеуметтік жобасы іске қосылады. Бүгінде Алматыда 42 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Мүгедектерді қызметпен қамту мәселесі қалай шешілуде? Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығы қанша азаматты тұрақты қызметке орналастырды? 

Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағы есту қабілеті нашар азаматтар үшін ресми сайтында сурдоаударма қызметін іске қосты. Одақ төрағасының сөзінше, бүгінде бұл мамандарға сұраныс артып келеді. Біршама компания сурдоаудармашыларды жұмыспен қамтуға ниет білдіріп жатыр екен. Жуырда Алматы вокзалы «Surdo-online» әлеуметтік жобасын қолға алмақ. Есту қабілеті нашар жолаушылар қажет ақпаратты сурдоаудармашының көмегімен ала алады.

"Қажет болған жағдайда вокзалдың анықтама және касса қызметінің қызметкерлері қимыл-ишарат тілінің мамандарымен байланысқа шығып, екіжақты видеоконференция арқылы жолаушыға сурдоаудармашы қызметін көрсете алады. Сурдоаудармашылар касса мен анықтамада қызмет көрсететін болады. Одан бөлек, өзге салада да келіссөздер жүргізілуде",- деді Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы Әли АМАНБАЕВ.

Биылдан бастап мүгедектер ұйымы мүшелері Алматының ғимараттарын жаппай тексеруден өткізуде. Ұйым жетекшілерінің сөзінше, қызметпен қамтудан бұрын олардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін жағдай жасау қажет. Жыл басынан бері қаладағы 30-ға тарта нысан тексерістен өткізілген. Көбінде кембағалдардың мүмкіндігі назардан тыс қалыпты. Қазіргі таңда Алматыда 42 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Жыл басынан бері халықты Жұмыспен қамту орталығы 300 кембағал жанды қызметке орналастырған.

"Бағдарлама басталғалы бері 2011 жылдан бастап қазіргі таңда 33 мыңнан аса азамат бағдарлама қатысушысы болып, оның 506-сы мүмкіндігі шектеулі азамат болып табылады. Ол азаматтар нысаналы топтарға кіруіне байланысты әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына, қайта даярлау курстарына жіберіліп, бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты жұмыс орындарымен, әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтып жатырмыз",- деді Алматы қаласы «Жұмыспен қамту орталығы» КММ басшысының орынбасары Шаһаризада АҚБЕРГЕНОВА.

Осы уақытқа дейін орталықта тіркеуде тұрған 3761 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оған қоса, 277 тұрғын жастар іс тәжірибесіне жіберілген. Сондай-ақ Алматы қаласын дамыту бағдарламасы бойынша 442 азамат қызметке орналастырылыпты.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаеыв, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир