14.06.2016

Қазақстанда Бекмұханбеттей далалық археологияны меңгерген адам жоқ

Қазақ тағы бір тарихи тұлғасынан айырылды. Атақты археолог, бар ғұмырын зерттеу жұмыстарына арнаған, «Алтын адам» жауынгерін тауып, Қазақ елін күллі әлемге жария еткен Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы 81 жасына қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты. Өткен ғасырлардың құпияларын табам деп жүріп өзі де тарихқа айналған тұлға жайлы келесі бейнематериалда.

"Алтын адам" мүсіні қазақ үшін ғана емес, дүниежүзі тарихы үшін баға жетпес байлық. Әлем алдында қазақтың беделін көтеріп, қазба байлық жағынан брендін қалыптастырған "Алтын адам" 1967-69 жылдары археолог-ғалым Кемал Ақышев басқарған экспедиция жұмысының нәтижесінде Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылғаны белгілі. Бірақ атағын Ақышев алғанмен, "Алтын адамды"  алғаш көріп, қолымен аршып алған экспедиция мүшесі археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұхамбетұлы болды.

"Бұл үш бөлігі сол кездегі ата-бабаларымыздың ғарыш, әлем туралы түсінігі. Ондай түсінік осы уақытқа дейін бізде бар. Мәселен, о дүние. Маңдайдан төменгі әшекей, төменгі бөлігі о дүние туралы. Ал, үсті біздің басып жүрген бұл дүниеміз, жарық дүниеміз. Биік таумен тағы бөлген. Тау, шың, оның үсті тауға дейін болса, таудың үсті аспан дүниесі",- деген еді археолог-ғалым Бекмұханбет НҰРМҰХАМБЕТҰЛЫ.

Тарихты тірілтуге құмар Бекмұханбет ақсақал үйілген оба, қалдық қорғандармен түбегейлі айналысу үшін Алматыдағы үйін сатып, Есік қаласына арнайы көшіп барған екен. Ол Есік обалары мемлекеттің қорғауына алыну үшін аз күш жұмсамаған. Ұзақ жылдық зерттеу мен дәлелдердің арқасында Есік қорық музейі де ашылады. Ал, мұражайдағы мына бөлме ақсақалдың соңғы күндеріне дейін жұмыс жасаған жері. Бірге істеген әріптестері марқұмды мұражайдың моторы еді дейді. Қария 81 келсе де қарап отырмай, өмірінің соңына дейін археологиялық қазбамен айналысқан.

"Бекен ағамыз шеңберлер сызып жүр екен. Мен осы қанша обаларды, 200-ден аса обаны қаздым, бірақ мынадай құпия, кроссвордты мен шешуім керек деді. Өкінішке қарай ол кроссвордтың жауабына жетпедік. Енді өзінің шәкірттері бар, солардың алдына қойған Бекен ағаның мақсаты деп есептеймін", - деді Есік мемлекеттік тарихи мәдени қорық мұражайының директоры  Гүлмира МҰХТАРОВА.

Ғұмырының жарты ғасырын зерттеуге арнап, қазақ даласындағы екі жүзден астам археологиялық жұмыстарды жүргізген ғалымның атқарған ісі толағай. Жаратылысы жұрттан бөлек, ойы шешіреге толы Бекмұханбет ақсақалдың өзгелер сияты қаптаған атағы жоқ. Тек соңғы жылдары "Есік қаласының құрметті азаматы" мен Елбасының "Құрмет" грамотасын ғана алған екен. Бірақ халқы оны көзі тірісінде ақ "Алтын адам" атап кетті.

"Ол кісідей Қазақстанда  далалық археология ғылымын меңгерген адам жоқ. Демек қазба жұмыстары қалай жүргізілді. Оны қалай дайындау, ол жұмысқа адамдарды тарту, ұйымдастыру ол жағынан ол кісі бес аспап болды. Бүкіл болмысы соған арналған болды. Ол қазақ даласына ғашық болатын. Сеңгір тауларына, орман, өзен, көлдеріне ғашық болатын, қараудан тоймайтын. Бекен соған тоймай кетті", деді Б.Нұрмұханбетұлының шәкірті Арман БЕЙСЕНОВ.

Ол осыдан екі күн бұрын қазба жұмыстарынан оралып, мұражайға келушілерге экспедиция жүргізіпті. Жуырда кореялық археологтарды ертіп жолға шығуды жоспарлаған екен. Алайда ғалымның жолсерігі болған мына рузак сол қалпы ашылмай қалды. Бар ғұмырын қазақ даласының құпияларын ашуға сарп етіп, еш ауырмастан бақилыққа аттанған абыз ақсалдың сүйегі кезінде өзі мемлекеттік қорғауына алдырып кеткен Өрікті бөктеріне жерленбек. Марқұммен қоштасу "Есік" қорық-мұражайында өтеді.

Прямой эфир