24.06.2016

Алматыда 10 сотық жер берілмейді

Алматы қаласының аумағында тегін берілетін жер телімі жоқ. Атқарушы органдардың осындай ресми мәліметіне қарамастан, ұлтарақтай жер сұраған халық нөпірі тыйылар емес. Соңғы екі аптаның ішінде Алматының халыққа қызмет көрсету орталықтарына 4269 тұрғын өтініш тастапты. Алайда бұл өтініштердің барлығы кері қайтарылады.

Үй саламын деген әрбір отбасыға "мың шаршы метр жертегін беріледі" деген сыбысқа селтіп, әсіресе Алматыдан ұлтарақтай жер алуға ұмтылғандар қатары тым көбейді. Мемлекеттік органдар Алматы аумағында тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесі жоқ екендігін талмай айтып, түсіндіруге тырысқанымен, еш нәтиже жоқ. Тіпті, осыдан 2 апта бұрын "10 жүздік" жер алуға жазған өтініштер енді қаралмайды деп қадап айтса да, өтініштер легі толастар емес. Екі апта ішінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тағы 4269 адам өтініш тастаған. Жер қатынастары мамандарының айтуынша, өтініш берген жұрттың жартысына жуығы өзге өңірлерде тіркеуде тұрғандар.

"Қаламыздың жер көлемі 68 мың 351 га құрайды. Оның ішінде 36 мың 451 га 2011-2014 жылдары Алматы облысынан қала аумағына қосылған. Алайда облыстан қосылған жерлер қалаға қосылғанға дейін жеке және заңды тұлғалардың жекеменшігінде болған. Яғни, қала аумағына бос, иесіз жатқан жер учаскелері қосылған жоқ",- деді Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек АХМЕТОВ.

Көңілдерінде күдіктен гөрі, үміттері басым азаматтар алып Алматының айналасында, әсіресе жаңадан қосылған Наурызбай ауданында «тырнақтай» болса да бос жатқан жер жоқ дегенге сенгісі жоқ. Шенділер қанша жерден түсіндіріп әлек болғанмен, жас ауданнан жер алуға дәмелі 3902 азамат өтініш жазған.

"Біздің ауданның көлемі 7000 гектарға жетеді, соның ішінде 810 га қаладан қосылды. 6180 га облыстан қосылған болатын. Облыстан қосылған жерлердің қалаға қосылғанға дейін өздерінің жеке және заңды меншікте болған. Соны жеткізгім келеді",- деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Ауыл шаруашылығы министрлігі дерегінше, бүгінде 10 сотық жерді алғысы келетіндердің саны Қазақстан бойынша 1 миллион 400 мың адамнан асыпты. Жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелері Қазақстанның 7 облысынан беріледі: Оңтүстік және Солтүстік Қазақстанда және Қызылорда, Қостанай, Қарағанды облыстарында. Жер комиссиясының мүшесі Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, жер алғысы келген азаматтар сол өңірлерге барып өтініш берулері қажет.

"Алматы қаласының шеңберінде жер жоқ, бірақ та 7 облысты біз белгіледік. Жаңағыдай жер беруге болады деп. Неге сол 7 облыстың басшылықтары қай жерде жер бар, қай ауылда жер бар, қай жерде бос жер бар, ол қалай беріледі түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Алматыдан сәл ілгері шығып ауылдарға баратын болсақ, «жер сатылады» деген тақтайшалар жазылып тұр. Үкіметтен кезінде арзан бағаға сатып алған. Бірақ қазір егін, мал шаруашылығымен айналыспайды. Ондық-ондыққа бөліп, халыққа сатып жатқан жағдай бар. Міне, дәл осындай жерлерді менің ойымша сөзсіз, егер ол жерде нақты нысанға сәйкес қызмет етілмейтін болса, ол жерлер мемлекеттің қажеттілігіне қайтарылуы керек",- деді Жер кодексі жөніндегі комиссия мүшесі Дәурен БАБАМҰРАТОВ.

Алматы қаласының бас жоспарына сәйкес, шаһар маңында тұрғын үй салуға берілетін жер телімдері жоқ. Қаланың жер қатынастары басқармасы осы мәселеге байланысты алғашқы отырыста 6000 адамның өтінішін кері қайтарған болатын. Бүгінгі отырыста да екі жеті ішінде келіп түскен 4269 азаматтың өтініштеріне жер беруден бас тарту туралы бірауыздан шешім шығарылды.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир