10.06.2016

Алматыда 614 мемлекеттік қызметкердің орны бос тұр

Алматыда 614 мемлекеттік қызметкердің орны бос тұр. Оның ішінде 200-ге жуығы жергілікті атқарушы биліктің еншісінде. Ал, жыл басынан бері 5 мемлекеттік қызметкердің ісі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған. Оның ішінде 2 адам жұмысынан босатылған.

Алматыда 5138 мемлекеттік қызметкер бар. Соның ішінде 51,2 пайызы нәзік жандылар. Олардың орта жасы 40 шамасында. Қызметкерлер біліктілігін арттыруға жыл сайын жіті көңіл бөлініп, сала реформаланып жатыр. Биыл мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға артқан. Оған қоса, осы жылы жасалған жаңа жүйе бойынша қызметке енді орналасқандар байқау арқылы алдымен төменгі лауазымға қабылданады. Соңғы бес айда 206 адам мемлекеттік конкурсқа қатысыпты.

"Мемлекеттік қызмет саласында келер жылы да өзгерістер күтіп тұр. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына бонус қосу жүйесі іске қосылады. Оның көлемі қызметкерлер жұмысының сапасына тәуелді. Алдағы жарты жылда А және Б корпусы қызметкерлерінің еңбегін әділ бағалайтын құжат даярланып бітуі тиіс",- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр КАМАЛОВ.

Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға баса көңіл бөлінуде. Осы мақсатта бюджеттен 24 миллион теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, жұмысына салғырт қарағандар да назардан тыс қалмайды. Жыл басынан бері міндетін жөнді атқармаған 300 мемлекеттік қызметкер жазаланған.

"Соңғы бес айда 5 мемлекеттік қызметкердің ісі тәртіптік кеңесте қаралған. Оның ішінде 2 адам жұмысынан босатылды. Мемлекеттік қызметке байланысты заңдағы ережерлерді сақтамаған 14 мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылған",- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр КАМАЛОВ.

Алматыда соңғы бес айда 5 миллионнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның ішінде 3 миллионы медицинаға тиесілі болса, қалғаны өзге саланы қамтиды.

Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир