10.06.2016

Алматыда медициналық туризм ұлттық әдістер арқылы дамытылмақ

Алматыда «Шипажай-2016» халықаралық форумы басталды. Ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен дәрігерлер, сонымен қатар алыс-жақын шетелден медицина саласының мамандары қатысуда. Екі күнге созылатын жиын Алматы санаторийінде өтуде. 

Алматы шипажайында медицина саласының білікті дәрігерлерінің басы тоғысты. Мұнда республиканың әр өңірінен бөлек, Италия, Ресей, Татарстан және Әзірбайжан елінен келген мамандар бар. Басқосуда "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы аясында жасалған жұмыстар туралы баяндалып, келешекте шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасу туралы сөз етілді. Бұдан бөлек, форум қазақстандық және шетелдік санаториялық-курорттық ұйымдар арасында табысты ынтымақтастықты жалғастыруға септігін тигізбек.

"Халықтың әл-ауқатын, денсаулығын көтеруіне үлкен жағдай жасап жатырмыз. Бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияның маңызы неге зор екенін айтсақ, онда жалпы әр адамдардың өмірінде үлкен жетістіктерге жетемін десе, онда денсаулық мәселелері өте маңызды. Сондықтан бүгін адамдардың денсаулығын сақтау, оларға тиімді өмір сүруге жағдай жасау өте маңызды болып саналады",- деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Форум аясында медицинаның ең соңғы үлгідегі технологиялары көпшілік назарына ұсынылды. Әлемнің түрлі елінің өндірушілері озық құрал-жабдықтар мен шипалы препараттарының үлгісін әкепті, Ал, отандық компаниялар медицина саласындағы жаңалықпен танысып қоймай, өз әлеуетін де паш етті.

"Бізге денсаулықты қалыпқа келтіруге болатын ұлттық әдістер табу керек. Елімізде өсетін емдік шөптердің түрі көп. Қазақстанға келетін шетелдік мамандар тауға барғанда аспанға емес, жердегі байлығына қарайды. Олардың сөзінше, елімізде өсетін шөптердің барлығы пайдалы",- деді ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Валерий БЕНБЕРИН.

Қазіргі таңда Алматыда 50 санаторлы-курорттық мекеме бар. Оның ішінде 6-ы әкімдік қарамағында, 40 нысан жекенің қолында. Соның бірі әрі бірегейі - "Алматы" шипажайы. Оның аумағы 21 гектарды құрайды. Алатау ықшам ауданында орналасқан сауықтыру орны алматылықтарға Кеңестік кезеңнен бері жақсы таныс. Алайда ол уақыттағы шипажайды бүгінгі демалыс орнымен салыстыруға мүлдем келмейді. Заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған демалыс орнында білікті мамандар, соңғы үлгідегі технология, таза ауа демалушылардың сапалы ем алуын қамтамасыз етуде. Ерекше минералды суды да осы шипажайдан табуға болады. Мекеме қызметкерлерінің сөзінше, мұндай шаралар тәжірибе алмасуға септесіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға үлкен серпін береді.

"Бұл шипажайда жас кезімнен бері демалып келемін. Құрылған уақыттан бері атауы талай өзгеріске ұшырады. Мен Грекия, Италия, Францияда 10 жылдан аса елішілік қызмет атқардым. Бірақ мұндағы саф таза ауа мен әсем табиғаты бар өзге сауықтыру орнын еш жерден көрген жоқпын",- деді ақын Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.

Еліміз бойынша 2016 жылдан 2020 жылға дейін мемлекеттік денсаулық бағдарламасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, «Алматы-2020»  даму бағдарламасы аясында медицина саласының сапасын арттыру жолында бірқатар жұмыстар атқарылады. Сондай-ақ қала жұртшылығының спортпен белсенді араласуы мақсатында бар жағдай жасалуда. Елбасы тапсырмасы бойынша қалада тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында бұқаралық спорт шаралары ұйымдастырылып отырады. Оның ішінде әр жексенбі күні өтетін велошеру бар.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир