09.06.2016

Алматыда Қарғалы, Ақсай өзендері тасып, аулаларды су басты

7 маусым күні сағат 22.00-дер шамасында арнаның WhatsApp нөміріне көмек сұрап Қарғалы және Іргелі тұрғындары хабарласты. Алматы қаласында 8-13 маусым аралығында ауа райының күрт ысуынан, таулы аймақтарда қардың еріп, судың деңгейі көтерілуде. Салдарынан Қарғалы және Іргелі өзендері тасып, халықтың мазасын қашыруда.

Алматы қаласының Қарғалы, Іргелі өзендері арнасынан тасып жатыр. Өзен бойында өмір сүретін халық әкімдіктің жұмысын сынап, көмек көрсетілмей жатыр дейді. Тұрғындардың айтуынша, Мерей көшесіндегі 10 үйді су басқан. Тұрғындардың сөзінде, тіпті қатты жауын-шашын болған күннің өзінде мұндай жағдай орын алмаған.

«Кешеден бері су тасқыны басталды. Кеше әкімдіктен ешкім келмей, бүгін келіп, «көмегіміз болмайды, таудағы мұз еріп жатыр, құжаттарыңызды дайындаңыз,кім біледі не болатынын» деп кетті»,- деді тұрғын Ғалия ТОҚТАРОВА.

Қарғалы және Іргелі өзендерінің тасуына байланысты жергілікті әкімдік өкілдері көмек көрсетеміз және қауіп-қатер жоқ дейді. Осы мәселеге байланысты брифинг өтті. «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің Алматы аумақтық бөлімінің басшысы Ринат Әміржанов «Қазіргі болып жатқан жағдай Алматы тұрғындарына қатері жоқ» - деді.

«Бұл жерде қазір су төмендейді деп айтпаймыз,су көтеріледі. Осы айтылған күндердің аралығында сел қаупі Алматы қаласына жоқ. Қарғалы өзені бойынша қазір Қарғалы сайының су жиналу аймағының өте жақындығына байланысты қазір біздерде су деңгейі тез көтеріледі. Күніне біздің бекеттердің бақылауы бойынша күндізгі сағат 5-6 уақыттарында көтеріліп,түнгі сағат 3-тің кезінде өз қалпына келіп жатыр. Ол қардың күні бойы еріген судың Алматы қаласына жетуі уақытына байланысты, жаңағы судың деңгейі жоғарғы нормасына да жетпейді, кеше екі күн ғана артты, кеше кешке жақын лайлығы көтерілді, өйткені қардың еруіне байланысты болып жатыр»,- деді «Қазселденқорғау» ММ Алматы аумақтық бөлімінің басшысы Ринат ӘМІРЖАНОВ.

Ең бастысы тұрғындарды 5 жыл бұрын өз қаражатына салған көпір мазалайды. Бұл көпір - қалаға баратын жалғыз жол. Қазіргі кезде "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі қауіптің алдын алуда. Жауаптылар жұмыс жүргізілуде дейді.

Жадыра Алтынбекқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы 

Прямой эфир