13.06.2016

Алматыда ғасырға жуық тарихы бар әлемге әйгілі мейрамхана ашылды

Шетелдік жеңсік ас - енді біздің шаһарда. Алматыда әлемге аты танымал "МакДональдс" мейрамханалар желісінің алғашқы нүктесі ашылды. Жаңа тамақтану орнына қала әкімі Бауыржан Байбектің өзі арнайы барып танысты. Біздің тарап бастаманы құп көрді. Өйткені бұл тұрғындардың жағдайының жақсарғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, мұндай орындар көбейсе, жаңадан қызмет орындары құрылады, жергілікті қазынаға құйылатын салық мөлшері де көбейеді. 

Алматыда ғасырға жуық тарихы бар жылдам тамақтану орталығы ашылды. Бүгінгі мейрамханаға дәм татуға келген алматылықтардың қарасы көп. 

Әлемге танымал "МакДональдс" мейрамхана желісінің ашылуы Алматының әлем қалалары қатарының деңгейіне жеткендігін көрсетсе керек. Себебі мұндай орындар кез келген елде ашыла бермейді. Ал, мейрамханаға келушілердің қатарында қала басшысы Бауыржан Байбек те бар.   

Бұл тамақтану орнының тағы бір ерекшелігі - көлікпен келіп, одан түспей-ақ өзіңіз қалаған тапсырысты жасауға болады. Ал, Алматы әкімі балалар алаңқайын аралап және қазақы дәстүрмен әзірленген тағамнан дәм татты. Жауаптылардың айтуынша, мұнда 160-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Барлығы аспаздық білімдерін шетелде жетілдіріпті.

"Елбасымыз барлық деңгейдегі әкімдерге берген тапсырмаларының бірі өңірге инвестиция тартып, жаңа жұмыс орнын ашу болатын. Осы орайдақаламызда құны 1 миллиард теңгені құрайтын, 150 адамға жаңа жұмыс орны болатын мейрамхана ашылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында өздеріңіз көріп отырғандай, жаңа ойын алаңы ашылды",- деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ. 

Қазақстанда ашылған танымал мейрамхана желісінің бұл екіншісі. Алғашқысы жыл басында елордада жұмысын бастаған еді. Жаңа орында  тамақтанып қана қоймай, балаларды алаңқайда ойнатып, алаңсыз тыныстауға болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да тиісті жағдай жасалған.

"Мейрамхана 126 орынға шақталған. Оған қоса аулада да 97 орын бар. Аумақтың жалпы көлемі шамамен 4 сотық. Тартылған инвестиция көлемі сатып алынған жерді қоса есептегенде 4,2 миллион долларды құрады. Мейрамхананы салуға жұмсалған құрылыс материалдарының 70 пайызы отандық компаниялардың өнімдері",- деді  Қазақстандағы мейрамхана желісі франшизасының иесі Қайрат БОРАНБАЕВ.

Қалыптасқан дәстүр бойынша мейрамхана иелері қайырымдылық шараларын да өткізеді екен. Олар «Мейірім» оңалту орталығына көмек ретінде 5 миллион теңге берді. Жауаптылар болашақта Астана қаласында 10, Алматыда 15 танымал мейрамхана желісін салуды жоспарлап отыр.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир