13.06.2016

Арнайы жасақ қызметкері суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды

Бейбіт күннің батырлары! Лаң салған лаңкестікте емес, барымызды қорғап өз атын шығарып жүргендер бар арамызда. 42 жастағы Астана тұрғыны  Өміржан Телебеков соның бірі. Сарыбұлақ өзенінен ол күні кеше ғана 12 жасар баланы өлім аузынан алып қалды. Бір күнде қызметтестерінің де, туыстарының да арасында қаһарман атанған жігітке құттықтаулар толассыз келуде. Ол бір күнде әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Ал, баласы аман қалған анасының қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес, әрине. Айжан Шамшидин оқиғаның қалай өрбігенін өз көзімен көріп келді.

42 жастағы Өміржан Темірбековтің жедел қимылдау арнайы жасағында қызметте жүргеніне биыл 14 жыл. Өзінен бұрын өзгенің тағдырына қатты алаңдайтын жігіт ағасы 12 жасар баланы бір өлімнен арашалап қалды. Сәске түсте жұмысына бара жатқанда Сарыбұлақ өзенінің бойында бір топ баланың көмекке шақырып жатқандығын көзі шалады. Жауапты сәтте ол тосылып қалмады, саспады, абдырамады. Дереу судың бетінде қалқып жатқан баланы жағаға алып шыққан.

"Жүзі көкпеңбек болды да, ерні ағарып, жаны болмады. Содан кейін алғашқы медициналық көмек көрсетіп, яғни кеудесіне массаж жасап, жасанды дем бердім. Содан кейін тіземе отырғызып, ішіне кеткен суды шығара бастадым. Осындай іс-әрекет жасағаныма өте қуаныштымын. Менің орнымда кім болса да, сол балаға сондай көмек істер деп ойлаймын",- деді Астана қ. ІІД жедел қимылдау арнайы жасағының аға испекторы Өміржан ТЕМІРБЕКОВ.

Бір өлімнен аман қалған Батуханның анасы қуаныштан көз жасын тияр емес. 12 жасар баласы  жан сақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Беті бері қарапты жасөспірімнің. Бар айтары сол мезетте өзіне ғана байлаулы тұрған жауапкершілікті сезінген Өміржан Телебековке мәңгілік қарыздармын дейді.

"Осындай батырларымыз аман болсын. Не деймін? Ол болмағанда не болатынын да білмеймін. Қазір балам жақсы, реанимациядан шығарылды",- деді құтқарылған баланың анасы  Жанар АЙТӨРЕЕВА.

Шомылу маусымы басталғалы Астана қаласында 4 адам суға батып кеткен. О дүниелік болғандардың барлығы ересек адамдар. Өлім себебі де жылдағыдай, шайтан суға сылқия тойып алғандар кеткен су астына.

"Төтенше жағдайлар қызметкерлері арнайы әкімшілікпен қосыла отырып, осындай арнайы белгілер орнатамыз. Ол белгілердің жартысын адамдар сындырып, лақтырып тастайды. Ол белгілерге мән бермей, суға түсе береді. Бұл жерлерде суға түсуге арнайы орын белгіленбеген ",- деді Астана қаласы ТЖД аға инженері Әсет САУЫТОВ.

Апта сайын тәртіп сақшыларымен бірге төтеншеліктер арнайы тексеріс жұмыстарын ұйымдастыруда. Арнайы белгі тұрса да, жан алушы әзірейілмен кездесуге асыққандарға мамандар ескерту жасайды, 5 АЕК айыппұл төлетеді.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, "Алматы" телеарнасы, Астанадан.

Прямой эфир