09.06.2016

Алматыда бұқаралық спортты дамытатын мамандар жетіспейді

Алматыда бұқаралық спортты дамытатын мамандар жетіспейді. Бұл қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының Қоғамдық кеңес алдында берген есебінде айтылды. Бүгінде бұл мекемеде 15 адам жұмыс істесе, оның тек алтауы ғана қалада салауатты өмір салтын дамытумен айналысады. 

Өткен жылы Алматыда спортты дамытуға 6 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Оның тек 23 миллионы ғана бұқаралық спортты жетілдіруге қарастырылыпты. Бұл қаржы еліміз бойынша ең төмен көрсеткіш болып отыр. Сол себепті Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек биыл оны қайта қарауды тапсырған. Жыл басында қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы «Спорттық Алматы» атты арнайы бағдарламаны әзірлеген.

"Қазіргі таңда Алматыда дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 462 мың адамды құрап отыр. Бұл қалада тіркелген тұрғындар қатарының 27,5 пайызы. Ал, 2011 жылы бұл көрсеткіш 22,9 пайызды құраған. Бүгінде шаһарда 2500 спорттық мекеме бар. Оның ішінде 27-сі әкімдікке қарайды",- деді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наиль НҰРОВ.

Алматы қаласында тұрып жатқан тұрғындар саны 2 миллионға жуық. Қалада спортты дамытумен тек алты адам айналысады. Бұл мегаполис үшін мүлдем аз. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқарамысының басшысы Наиль Нұров бұл мәселені әр ауданда спорт басқармасын ашу арқылы шешуді ұсынып отыр. Биыл Алматыда спортты дамытуға 25 миллиард теңге бөлінген. Осы жылдың бірінші тоқсанында алып шаһарда 255 шара ұйымдастырылып, 3500-ден аса адам қатысқан. Бүгінде шаһардағы 1202 спорттық нысанның 65 пайызы білім мекемелеріне қарасты болса, 312 нысан жекеменшік иелегінде. Оның ішінде тек бесеуі ғана басқарма қарамағында.

"Алматы бойынша спорттық нысандарға кіруге 20 мыңнан аса адамның мүмкіндігі бар. Бұл барлық қала жұртшылығының тек 12,1 пайызы ғана. Ал, алып шаһарда спорт ғимараттарының жалпы көлемі 103 мың шаршы метрден асады. Қала бойынша 25 пайыз тапшылық байқалады. Жалпы дене шынықтыру және спорт нысанының көлемі 137 мың шаршы метр болуы тиіс",- деді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наиль НҰРОВ.

Бұған дейін мұндай жиындар ішкі саясат басқармасымен ұйымдастырылған. Алдағы уақытта тілдерді дамыту, архивтер және құжаттама және дін істері басқармасы басшылары қоғамдық кеңес алдында есеп беретін болады.

Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир