20.06.2016

Алматыда халықты жұмыспен қамту қалай жүргізіліп жатыр

Жыл басынан бері "Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасына 4 жарым мыңға жуық адам өтініш берген. Оның 90 пайызы - жұмыссыздар. Ал, мемлекеттің қолдауынсыз жұмысқа орналасқандар - 3761 адам. Жалпы тұрғындарды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту - бүгінгі күннің басты мәселесі.

Алматыда "Жұмыспен қамту-2020 жол картасы" бағдарламасының бірінші және үшінші бағыттары жалғасып жатыр. Былтырдан бері Жұмыспен қамту орталығы 385-адамды тегін оқуға жіберген. Яғни, біліктілігін арттыру және кәсіби даярлау курстары. Арнайы оқу арқылы жұмыспен қамтылғандардың бірі -  Салтанат. Қолынан іс келетін ісмер апай 3 айда білікті шеберлер қатарына қосылған. Қазір мемлекеттік тапсырыс бойынша әскери киімдер тігеді.

"Осы жерде жұмыс істегеніме жарты жыл болды. Жұмыспен қамту орталығынан келдім. 36 ай оқыдым, бір күн өтпей жұмыс тауып берді. Енді маған өте қиын болған жоқ. Өзім үйде кішкене тігетінмін. сол үшін қиын болған өте",- деді тігінші Салтанат БЕЙСЕМБАЕВА.

Жыл басынан бері "Жұмыспен қамту" бағдарламасына қатысуға 4 жарым мың адам өтініш берген. Оның 3 жарым мыңы тіркелмеген. Жалпы аталған орталық арқылы әр түрлі мекемеге жолдама алғандардың 70 пайызы тұрақты қызметте қалады. Қайта даярлау курстары мен біліктілікті арттыру оқуларына қажетті шығынды мемлекет өтейді. Бағдарламаға түрмеден шыққандар, жұмыссыз азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады. Ал, тұрақты жұмыс табу орталықтың емес, оқушы азаматтардың өзіне байланысты.

"Оқыту бізде екі модельде жүреді. Дуальді модель. Ол жарты күн теорияда, жарты күн практикада. Практикада өзін жақсы көрсетсе, оқу аяқталғаннан кейін сол жерде тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Адамның өзіне байланысты, қаншалықты қабілеттілігі мықты болады, сол адамды ұстап қалуға тырысады",- деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының бас маманы Айдана ОМАР.

Биылғы жылы Халықты жұмыспен қамту орталығына бағытталған 285 млн теңгенің жарты жыл ішінде 105 млн-ға жуығы игерілген. Қазір жүзеге асып жатқан бірінші бағыт, яғни инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға 5 млрд 430 млн теңгеден астамы республикалық, 695 млн теңге жергілікті қазынадан бөлінген. Үшінші бағыт, кәсіптік даярлау курсын оқыту бойынша 73 млн теңгеге жуығы республикалық, қайта даярлау курсына 58 млн теңгеден астамы жергілікті бюджеттен қаржыландырылыпты. Ал, осы жылы 555 азамат әлеуметтік жұмыс орнымен қамтылған.

Үмбетәлі Меймеш, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир