20.06.2016

Алматыда пілдерді қорғау күні атап өтілді

Алматының хайуанаттар бағына келушілер қатары артты. Жыл басынан бері зообаққа 65 мың тамашалаушы келген. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 6 мың адамға көп. Бүгін зообақта пілдерді қорғау күні атап өтілді. Осыған орай олар үшін арнайы жеңсік ас әзірленді.

Бұл Аружан есімді піл. Зообаққа осыдан 16 жыл бұрын Лаос елінен жеткізілген. Осы уақыт аралығында бақ қызметкерлеріне әбден үйреніп алған. Қазір олар айтқан сөздерді де түсінеді. Рахмет айтып, қоштасуды да біледі. Атаулы күнге орай оларға көкөніс, жеміс-жидектен арнайы торт әзірленді. Бүгін пілдерді зообаққа келген тұрғындар тамақтандырды.

"Мен пілді алғаш рет тамақтандырдым. Аружан екеуіміз құрдас екенбіз. Зообаққа келушілер үшін жасалып отырған мұндай мүмкіндік үшін алғысымды білдіремін",- деді Жанель САФИЕВА.

Аружанның жанындағы Лаоның жасы қазір 22-де. Бүгінде екеуінің салмағы 3 тоннадан асады. Бақ қызметкерлерінің айтуынша, пілдердің күтіміне мұқият қарау керек. Өйткені бұлар да шақалақ сынды шапағатқа зәру. 3 мезгіл тамақ ішіп, күнделікті жуынуы тиіс. Әр пілге күніне 60 келіге жуық көкөніс пен жеміс-жидек беріледі.

"40 келі көкөніс, 15 келі қызылша, 20 келі қырыққабат береміз. Оның ішінде тағы жеміс-жидектер бар. 5 келіден, 10 келіге дейін береміз",- деді Алматы қаласы хайуанаттар бағының қызметкері Ермұхамед НҰРҒАЗИЕВ.

Жыл басынан бері хайуанаттар бағына 65 мың адам келіпті. Өткен жылы бір жыл аралағында зообаққа келген тұрғындар қатары 59 мыңды құраған.

"Қостанайдан келдік. Хайуанаттар бағы бізде жоқ. Отбасымызбен қарап жүрміз. Жалпы барлығы ұнады",- деді Анель МАРДЕНОВА.

Алматыдағы хайуанаттар бағында қазір жан-жануар мен жәндіктердің 353 түрі бар. Қоршаудағы тіршілік иесінің жалпы саны 5204 болса, олардың 3 587-сі балықтар, яғни, аса көп шығынды қажет етпейтін су жәндіктері. Жуырда Алматыға келген әлем сарапшылары жақсы бағалаған баққа шет елден де келушілер көп.

Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир