08.06.2016

Алматыда «Травиата» операсының жаңартылған нұсқасы сахналанады

Алматы қаласында «Травиата» операсы қалың көрерменге жол тартады. Бұл операның ерекшелігі - музыкалық драматургия арқылы әуенмен өз мәнін көрерменге таныту. Тұсаукесердің дайындық алаңына біздің тілшіміз де барып қайтты. 

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Джузеппе Вердидің ең танымал операларының бірі «Травиатаның» жаңа қойылымын пысықтап, сахналау үстінде. Вердидің «Травиата» операсы Венецияның Ля Фениче театрында алғаш рет 1853 жылы қойылған. Ал, Қазақстанда бұл опера алғаш рет 1938 жылы осы өнер ордасында сахналаныпты.

"Бұл оқиға бір әйелдің тағдыры және адамның құмарлығы жайлы. Вердиді осындай оқиғалар әрдайым қызықтыратын және бұл опера сол себепті де көрермендердің жүрегінен шығады деп ойлаймын. Мен театрда 40 жыл жұмыс істеп келемін. Мен 450-ге жуық қойылымдар қойдым",- деді  қоюшы - суретші Вячеслав ОКУНЕВ.

"Опера - бұл ерекше жанр",- дейді сахна майталмандары. Терең тарихы бар туындының рухани азығы мол. Сондықтан бас солисті барша алматылықтар мен қала қонақтарын операны тамашалауға шақырды.

"Менің ең сүйікті қойылымым ол - Виолетта. Мен бұл партияны 20 жастан  айттым және барлық ТМД елдерінде орындап шықтым. Украина-Беларусия мерекесінде, Шаляпин және т.б мерекелерде орындадым. Жалғыз Виолеттаны 5-6 қойылымын 1 айда орындай алатынмын. Бұл рөл менің бойыма әбден сіңгені соншалықты, дирижермен кездеспей-ақ орындай алатынымды айтып жүремін. Себебі мен бәрін білемін",- деді опера солисті Жәмила БАСПАҚОВА.

Бұл «Травиата» операсының қызу дайындығы. Нақты қойылым 11-12 маусым күндері Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында болады.

Прямой эфир