08.06.2016

Қазақстан мен Қытай арасындағы темір жол Қорғас арқылы өтеді

Биылдан бастап Қазақстан мен Қытай арасында темір жол арқылы жолаушылар тасымалдануы мүмкін."Қорғас" бекеті арқылы өтетін темір жол - Алматы мен Үрімжі арасын жалғайтын ең қысқа жол. Бұл екі елдің шекара маңында ашылған Халықаралық сауда ынтымақтастық аймағына келушілердің санын арттыруға сеп болмақ. Мәселен, өткен жылы осы аймаққа 4 млн-нан астам Қазақстан және Қытай азаматтары келіпті.

Біз Қазақстан мен Қытай елінің шекарасы түйіскен жерде тұрмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қызыл түс Қытайдікі, көк түсті жолаққа өтсеңіз,  қазақтың жеріне кірген боласыз. Ал, екі елдің сәулетшілері бірігіп жобалаған кіреберістегі бағанның берер мағынасы зор. Мәселен, биіктігі 18 метр 81 см болатын нысан екі елдің арасындағы ынтымақтастық сауда байланысы 1881 жылы орнады дегенді білдіріп тұр. Айта кетейік, ынтымақтастық аймақтағы барлық құрылыс нысандары 2018 жылы толығымен аяқталуы тиіс

Қорғас - Қытай елінің батыс қақпасы. Бұл - Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық байланысы мен ынтымақтастығын арттыратын ең ірі жоба. Қарапайым халық пен кәсіпкерлер үшін де сауда жасауға мүмкіндігі мол аймақ. Тауары арзан, сапасы жақсы,- дейді аймақ басшылары. Әрі Қытай ақшасымен де, төл теңгемен де есеп айырысуға болады.

"Дүниеде бірден-бір Жунго Қазақстан шекара маңы ынтымақтастық орталығы деген орталық бар. Осымен де Қорғас дүниеге әйгілі болып тұр. Бұл орталықтың Жунго жақтағы көлемі 3,143 шаршы шақырым. Ал, Қазақстан жағындағы көлемі 1,85 шаршы шақырым",- деді «Қорғас» АЭА Әкімшілік комитетінің өкілі Қалиалы ҚЫЗАЙЖАНҰЛЫ.

Жәрмеңкеде бір күнде 40 млн юаньның саудасы жасалды. Бұл қазақ ақшасымен 1 млрд теңге көлемінде. Қазақстанға импортталатын тауар түрлері көп болғанымен, Қытай қазақтың біраз өніміне тәуелді екен. Мәселен, тәтті, шұжық, ұн, бал және табиғи шырындар. Екі ел арасындағы мұндай аймақ тек экономикалық емес, мәдени және ғылым саласын дамыту бойынша да маңызды рөлге ие. СебебіҚазақ елінен сауда жасаған қытайлықтар қазақтың қолөнері мен ұлттық бұйымдарын көп алады.

"Қазір бәрін жасап жатыр. Бал, ұн, май кіріп жатыр. Қазақстан жері көп ғой. Ол таза жер. Ауасы таза, суы таза. Химиялық қоспа жоқ. Қытайға ондай көп керек".

"Қытайға көп жетпейді ғой. Тек бидай емес, тағы да соя жетпейді. Шемішке жетпейді, көп жетпейтін нәрсе бар".

Қазір екі ел азаматтары үшін визасыз режим бойынша аталған аймақта 30 күн тұруына рұқсат етілген. Қытай елі өкілдерінің айтуынша, жыл сайын екі ел арасындағы сауда айналымы өсуде. 2016 жылы 20 пайызға жетеді деп болжап отыр. Себебі темір жол арқылы да, тас жол арқылы да тауар тасымалдау көбейген.

"Бұдан кейін біз әрине сенімдіміз. Осы Қорғас арқылы екі елдің достығының тереңдей түсуіне, экономикалық қарым-қатынасының кеңеюіне, сонымен бірге осы өткел арқылы екі ел арасындағы әр ұлт халқының өзара түсінісуіне мәдениет алмасуына алтын көпірдің рөлін атқарады деп ойлаймыз",- деді «Қорғас» АЭА Әкімшілік комитетінің өкілі Қалиалы ҚЫЗАЙЖАНҰЛЫ.

«Қорғас» Халықаралық шекара ынтымақтастық орталығы «Қорғас» индустриялық-логистикалық хабының құрамдас бөлігі. Оның құрамына сондай-ақ «Қорғас-шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағы, «Жетіген-Қорғас» теміржол желісі, әуежай және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы кіреді. Мұндай аймақты құрудағы негізгі ұстаным - оның шекарасында Қазақстан, Қытай және үшінші елдер азаматтарының еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету. Естеріңізге сала кетейік, "Қорғас" жобасын құру алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2002 жылы желтоқсанда Қытайға сапары кезінде айтылған болатын.

Үмбетәлі Меймеш, Илзат Акчурин, Атлан Нұрланұлы. "Алматы" телеарнасы үшін Қытайдан

Прямой эфир