31.10.2013

Алматыдағы әскери аурухананың жағдайы мүшкіл

Алматыдағы әскери аурухананың жағдайы соғыс ардагерлерінің жанына батқан мәселеге айналды. Бүгін Чернобыльдықтар мен Ауған соғысына қатысқан азаматтар және Ұлы Отан соғысының ардагерлері үкімет басшысы мен денсаулық сақтау министрлігіне шағымданып хат жолдады. Үш жыл бұрын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, емдеу мекемесін қалпына келтіру уәде етілген болатын. Алайда, 2010-шы жылдан бері уәде орындалмай келеді. Ашынған ардагерлерді тыңдап қайтқан тілшіміз Гауһар Омарбек тақырыпты жалғастырады.

Сұм соғыстың дәмін татқан ардагерлер, Ауған соғысына қатысқан азаматтар мен Семей полигоны зардабын көрген жарым жандардың денсаулық сақтау министрлігіне өкпесі қара қазандай. Себебі, үш жыл бұрын жер сілкініп, Алматыдағы әскери аурухананың қабырғасында жарық пайда болады. Кейін арнайы комиссия ғимаратты апатты күйде деп таныған екен. Емдеу мекемесін қалпына келтіруге бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Алайда, 2010-шы жылдан бері құрылыс жұмыстарының көлеңкесі де көрінбейді. Есесіне Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы Халел Төреғалиевтің айтуынша, «қабырғасы құлаған аурухана жеке кәсіпкерлер мекеніне айналып барады».

Халел ТӨРЕҒАЛИЕВ, Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы:

- Одан бері мына 3 жыл өтті. Өздеріңіз көріп тұрғандай, шатыры да жоқ. Үлкен ақша бөлініп, жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Бірақ, қараңыз, қандай дәрежеде? ағаштың бәрі түсіп, бірнеше кәсіпкер келіп, осы жерде СТО-сын құрған.

Іле Алатау бөктерінде орналасқан сауығу мекемесі денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Сондықтан, «Алматыдағы денсаулық сақтау басқармасы жауапкершілікті министрлікке сілтеуде», -дейді шағымдану акциясына жиналған белсенділер. Емделуге зәру жандар көкейде жиналған сауалдарын хат бетіне басып, үкімет басшысы мен денсаулық сақтау министрлігіне жолдап отыр. Алғашқы сұрақ: құрылыс жұмыстарын тежеп отырған кім? Неліктен мемлекет қазынасынан бөлінген қаржы тиісті жұмыстарын бастамай отыр.

Құрылыстың басталмай келе жатқанына наразылық танытқандар бюджеттен 300 миллион теңге бөлінгенін айтады. Денсаулық сақтау министрлігі ғимарат не қайта қалпына келтіріледі немесе жаңа әскери аурухана бой көтереді деп сендірген екен. Алайда, әскери аурухананың кезінде 26 гектар жері болған. 90-шы жылдардан кейін 11 гектарға кішірейген мекеме енді қалталы азаматтардың көз қырында. «Құрылыс жұмыстарының басталмауына себеп осы»,- дейді Халел Мұхитұлы.

Халел ТӨРЕҒАЛИЕВ, Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы:

- Министерства жағынан, үкімет басында отырған азаматтар ешқандай қолының ұшын да берген жоқ. Осының бәрі, енді туғызып жатқан ойдың бәрі ел-жұрттың қызыққаны мына, қалтасы қалың азаматтардың қызыққаныда мына - жер! Көрдіңіздер қандай үй соққанын.

Бұл ғимараттың тек 90 орынға арналған бір ғана корпусы жұмыс істеп тұр. Ал, Республика бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері, чернобыльдықтар мен ауған оғысына қатысқан азаматтар саны 30 мыңға жуық. Сондай-ақ, 700 мыңнан астам «семей полигонынан» зардап шеккендер бар. Бауыржан Жасынбеков кезінде осында емделіп, қуаттанған кезін сағынады. Жанына батқан мәселе де осы. Жарым жандардың обалына қалған қалталылар жерді қайтарсын деп отыр.

Бауыржан ЖАСЫНБЕКОВ, Ауған соғысының ардагері:

- Қараңызшы, таза ауа, тау дегендей. Ем қабылдап шығатынбыз есік алдына. Соның бәрі көмек болатын. Кәзір болса, осы үлкен жерді біреуге ұсатып дегендей, мен түсінбеймін, жер аздай. Осы біздің жерге қарап. Жол салып, бізден сұрамай, жер бөліп алды.

Құрылыс жұмысы басталмаған ғимаратты күзет бөлімі бақылап, ай сайын жалақысын алып отыр. Алайда, бүгінгі акцияға жиналғандар бос қабырғаны неліктен күзетпен қамтамасыз етіп, салық төлеушілер мен бюджет қаржысы ысырапқа бағытталғанын түсінбейді. Естеріңізге сала кетейік, 2015-ші жыл Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қолдау жылы деп жарияланады.

Гауһар Омарбек, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир