28.06.2016

Алматыда сұрықсыз билбордтар сүріледі

Алматының әрін кетіргендер тиісті жазасын алады. Қатулы шенділер жарнамасын ретсіз жапсыра салатындарға қарсы күресті күшейтпек. Енді аға-көкелеп, арқадан қағатын күн қалды. Өйткені кәсіпкерлердің ісінен гөрі Алматының ажарын айғыздамау маңызды...Рас, ұлттық мәдениетіміздің ошағы саналған біздің шаһар бір жылдары алақ-жұлақ жарнамаға, сұрықсыз билбордтарға толып кеткен еді. Тәртіп сақшылары мен тиісті орындар табанды күрескенімен, тырбанған істен түк шықпады. Себебі, пысықай іскерлер өз кәсібін дөңгелету үшін сүрілген тақтайшаны қайта тұрғызып, еш алаңсыз қам қылған....

Ретсіз қойылған билбордтар қала ажарын бұзып қана қоймай, көлік қозғалысына да кедергі келтіреді. Өйткені, немкетті тұрғызылған жарнама тақтайшаларынан кейбір жол ережесі белгілері мен бағдаршамдар көрінбей қалады. Оның үстіне жүргізушілердің көзіне шағылысып, қозғалысты қиындатады. Осындай факторлардың барлығы ескеріліп, қала билігі - жалғыз тоқтамға келді.

«Осы уақытқа дейін ескі форматтағы 157-ге жуық жарнама тақтайшасы бұзылды. Ендігі кезекті 1643-і қалды. Заңды құжаттары жоқ билбордтарды жоспармен алып тастап жатырмыз», - деді Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Руслан КЕРІМБАЕВ.

Заңсыз жарнамаларды күреп тастау кейбір кәсіпкерлердің қытығына тиген. Сөйтіп олар шенділерге қырғидай төніп, қабылданған шешімді сотта даулап жүр. Бірақ жеке ісін өркендетіп жүргендердің арасында бизнесмендердің жаңсық ойын жақтамайтындары бар. Қаланың көрікті болуын қалайтындар шаһар басшлығы мықтап қолға алған істі қос-қолдап мақұлдауда.

«Әкімдіктегілердің халықаралық стандарттарға өтуін қолдаймын. Бұл дұрыс шешім. Әрине, жаңа форматқа өту біраз қаражатты талап етеді. Бірақ сүйікті қаламнан ештеңені де аяймаймын», - деді жарнама компаниясының директоры Талгат АСАИНОВ.

Кәсіпкерлер қанша жерден қызылшеке болғанымен, билік түпкі шешімді қабылдады. Енді Алматының келбетін кірлеуге ешкімнің құқы жоқ. Билборд заңсыз тұрғызылса, дереу сүріледі. Оның орнына талапқа сай жаңа тақтайшалар орнатылады. Барлығы қарапайым. Бірақ осы тұста тағы бір түйіткіл бір бүйректен түртпектеп шыға келді. Ол - талапқа сай билборд орнататын компаниялар біздің елде тым тапшы. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер - іргедегі елдерге телміруге мәжбүр. Сонымен жарнама беру мен өнімді жарнамалауда шешімін таппаған басқа қандай мәселе бар.

Бүгінгі тыныс-тіршілігімізді жарнамасыз көзге елестету әсте мүмкін емес. Алматының кез келген бұрышында қандай да бір жарнаманы байқауға болады. Жалпы, тұтынушы мен өндіруші арасындағы байланысты жалғап тұратын жарнаманың қазіргі заманда сан түрі бар. Онымен айналысатын мамандар ақшасын төлесе болғаны, тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік желі, билборд пен лэд-экран, теледидар мен баспасөз беттеріне дейін шығарып беруге әзір. Ал кәсіпкерлер жарнамасыз бизнестің өрге домалауы қиын дейді. Оның бағасы қымбат болса да кәсібін дөңгелету үшін қомақты қаржы құюдан қашпаймыз деп отыр.

«Жарнамасыз ешқандай бизнес жүрмейді. Телеарналар мен газеттерге беру тиімді. Мен ойымша, жарнаманың артықшылығы жоқ. Қай жағынан болса да. Жарнама керек. Кәсіпкер болсын, асхана болсын, дүкендер болсын жарнама керек», - деді кәсіпкер Нұрлан ДӘУЛЕТБАЕВ.

Бизнеспен айналысатындар ең тиімді жарнама көзі бұл қалада жарқырап ілініп тұратын үлкен баннерлер деп есептейді. Алайда осыдан біршама уақыт бұрын Алматы қаласы мәслихатының депутаттары бірауыздан жарнамалық тақтайшалардың көлемін бір қалыпқа түсіруді ұсынған болатын. Сөйтіп, халықаралық стандартқа сай жарнамалық билбордтардың ені – 2,30 метр, ұзындығы 3,14 метрден аспауы тиіс деп шешілді. Өлшемі одан асқандар алынып тасталып, орнына басқасы қойылуы керек деген болатын. Кейін мамандар мен мердігер мекемелердің иелері бірігіп, ретсіз және заңсыз орналасқан тақтайшаларды қаланың көркін қашырмас үшін сүріп тастаған болатын. Ал, кішігірім бөлігі тіпті сотқа шағымданып жатқан көрінеді.

«Осы уақытқа дейін ескі форматтағы 157-ге жуық жарнама тақтайшасы бұзылды. Ендігі кезекті 1643-і қалды. Заңды құжаттары жоқ билбордтарды жоспармен алып тастап жатырмыз. Сондай-ақ жарнама тақтайшаларының иелерімен жаңа форматқа көшуге келісім жасадық. Әлі бірде бір жарнама мекемесінің иесіне міндеттейтін шаралар қолданылған жоқ. Бәрі өз еріктерімен жаңа форматқа көшіп жатыр. Жалпы қалада жарнама нарығында 16 билбордттардың иесі бар. Қазір компаниялардың 4-уі жаңа форматқа көшіп үлгерді», - деді Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Руслан КЕРІМБАЕВ.

Көктемнен бері осындай қарқынмен заңсыз әрі халықаралық талаптарға сәйкес келмейтін жарнама тақтайшалары жермен-жексен етіліп жатыр. Бұл біраз кәсіпкерлер үшін жағымсыз жаңалық болғанымен, кейін көбісі мәслихат шешімімен келісті. Өйткені, қаланың көркі маңызды. Қаржылық дағдарыстың қыспағынан тек жарнама мекемелері ғана әлсіреп жатқан жоқ. Тіпті қаланың имиджі де көзден таса қалып жатыр. Мұны қала басшысы Бауыржан Байбек мемлекеттігімізді нығайту жолындағы Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын орындауда берген есебінде көптің есіне салды.

«Билбордтардан бюджетке пайда түсіп жатқан жоқ. Бір ғана көшеде оның 15-і тізіліп тұр. Өкінішке орай, қалада жарнама тақтайшаларының тек 80 пайызы ғана жұмыс істейді. Мәселен, Алматыда 2000 билборд болса соның 42 пайызы ғана пайда тауып отыр. Өздеріңіз білетіндей, қаржылық дағдарыс кезінде компанияларды үнемдеуді бастайды. Ең алдымен жарнамаға ақша жұмсауды қояды. Сондықтан ауада қалқып тұрған қоршаулардың 60-70 пайызы босқа тұр деуге болады. Біздің өмірде жарнама онсызда жеткілікті», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Жаңа форматқа көшу керек екен деп кейбір кәсіпкерлер секілді сотта жаға жыртысып жатқан Талғат Асаинов жоқ. Ол сыртқы жарнама жасаумен 10 жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Қала бойынша осы секілді оның 12-і билборды ілініп тұр. Бүгінде Талғат ескі 6 жарнама бағанасын бұзып тастап, енді заманауи форматқа көшіретін арнайы мекемелерді іздестіріп жүрген көрінеді. Оған қоса, ол жарнама тақтайшасының көлемі бәлендей кішірейген жоқ. Сондықтан бизнес тоқырап қалды деуге болмайды деп отыр. Оның дерегінше, жарнамаға тапсырыс беріп жатқандардың саны азаймапты.

«Өзім Алматылық ретінде біздің қалада жарнама тақтайшасының түр-түсі әдемі болғанын қалар едім. Темірі шығып немесе ескі болса сүріліп тастағанын қалаймын. Әкімдіктегілердің халықаралық стандарттарға өтуін қолдаймын. Бұл дұрыс шешім. Әрине, жаңа форматқа өту біраз қаражатты талап етеді. Бірақ сүйікті қаламнан ештеңені де аяймаймын. Әріптестеріміз форматы сәл кішірейгенге ешкім жарнама бермейді дейді. Өзгеріс енбей тұрып та Жандосов пен Аймановтағы біздің билбордтарда 1 жылдан бері әлеуметтік жарнама ілініп тұрған. Өйткені, жарнама беруші жоқ», - деді жарнама компаниясының директоры Талгат АСАИНОВ.

Қазір қаладағы 12 жарнама тақтайшасының иесі Талғат Асаинов халықаралық стандартарға сай билборд шығаратын белді Ресейлік компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Өйткені, дәл сапалы тақтайшаларды тек Ресей мен Украина елдері ғана жасап шығарады екен. Қазіргі таңда жаңа форматтағы билбордтар өндерітен Қазақстандық компаниялар жоқтың қасы. Алматыда тек бір ғана жарнама агенттігі жаңа форматтағы тақтайшаларды өндірумен айналысады. Бірақ өндіріс көлемі тар болғандықтан, қаланы қамтамасыз ете алмайтын көренеді. Қазір олар тек өздерінің билбордтарын ғана жаңалауға шамалары жетеді.

«Жарнама тақтайшаларын өндірумен қазіргі таңда тек біздің мекеме ғана айналысады. Біз өз билбордтарымызда Қарағандының темірлерін қолданамыз. Профилдері мен құрылысы 100 пайыз отандық. Тауар сапасы жоғары. Билбордтардың бәрін өз күшімізбен жасаймыз. Алға қойған жоспарларымыз көп», - деді жарнама агенттігінің техникалық директоры Александар ЛАПТЕВ.

Бүгінде Алматыда кәсіпкерлер билбордтарды жаңа форматқа өткізуге бола қызыл кеңірдек болып жатыр. Ал әлемде осы бағыттағы түрлі пиар мен жарнама түрлері қашан дамып кеткен. Мәселен, Жапонияда тауар өндірушілер халық көп жүретін көшелерде бастарына теледидарды ұстап алатын көрінеді. Онда тапсырыс берушінің жарнамасы көрсетіледі екен. Ал ТМД елдерінде «Стикер кар» атты жоба қысқа мерзімде кең сұранысқа ие болып үлгеріпті. Оның арқасында, тауар айналымын 3 млн АҚШ долларына өсірген кәсіпкерлер де бар. Жарнаманың бұл түрінде тапсырыс алушы көлігіне жарнамалық стикерлерді жапсырып қояды.

«Мәселен, жақын күндері қандай да бір фильмнің тұсаукесері болады дейік. Қазір дамыған қоғамда жарнама берушілер халықтың назарын аударту үшін көліктеріне жарнамалық стикерлерді жапсырып алады. Қалада жол кептілісі жиі болып тұрады. Сондай кездерде халық жаңа нәрселерге көз тастай бастайды. Ал плакаттер мен билбордтар бұрыннан келе жатқан жарнама жасаудың көне түрі. Олар бар және бола береді», - деді автошерулер ұйымдастырушысы Әлібек БЕГАЛИНОВ.

Қазақстандықтар қандай да бір жаңашылдық орнаған сайын үрке қарайтыны бар. Мүмкін болашақта жарнаманың түрлі бағыттарын біздің халық оңай қабылдайтын шығар. Ал жыл соңына дейін Алматылық кәсіпкерлерге сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Ұсқынсыз әрі сыйқы қашқан билбордтар табысты бизнес жүргізудің кілті емес.

Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, Арнайы «Алматы апталығы» үшін

Прямой эфир