28.06.2016

Телеарна тілшілерінің бір күндік тіршілігі

Журналист - зердесі тұнық, тұрпаты бөлек, сөз саптауы ерек адам. Қараша халық қолына қалам ұстап, камера арқалаған адамдарды осылай суреттесе керек. Қабырғалы қаламгер Шерхан Мұртаза мына біздерге: "арқалағаны - алтын, жегені - жантақ" деп баға берді. Тілшілікті мамандық еткендер халық пен билік арасын жалғап жүретін алтын көпір іспетті деседі.Әйтсе де кейінгі жылдары бұқараның журналистерге деген сенімі бірте сейіліп барады. Дені тілшілерді төрге телміріп кетті дейді. Қаптаған журналист арасында қатулы шендіні көргенде қарқыны басылып, райынан тайқып кететіні бар. Сөйтіп, уытты тілін шайнап қалады. Қалай десек те, журналистика  елімізде бар. Бірте дамып келеді. Басқа сала сынды журналистика да бірнеше жанрға бөлінеді. Ал, ақпараттық жанрдың түпкі мұраты - көрерменге бұқпасыз әрі боямасыз, тараптар пікірі таразыға тартылған толыққанды мәлімет беру...

Биыл төртінші билік өкілдері кезекті рет төл мерекелерін атап өтеді. Мерейлі күнге орай әріптестерім тілшілердің бір күндік жұмысын таспаға түсіріп, материал әзірледі. Жаңалықтар бөлімі журналистерінің тырбанып еңбек ететінін көпшілікке көрсеткілері келді. Иә, біздің жұмыс - қызығы мен шыжығы мол мамандық. Елге тың мәлімет тарату кезінде талай жайтқа тап боламыз. Сөз көпірудің керегі жоқ. Өзіңіз көріңіз.
      
16 жыл бойы қайнаған жаңалық ортасынан көрерменге үздіксіз сапалы, әрі тұщымды жаңалық беріп келе  жатқан «Алматы » телеарнасының осы күнге дейін жеткен жетістігі аз емес. Сан тараптан келген ақпараттарды бір арнаға тоғыстырып, көрерменге салиқалы ой тастап, боямасыз ақпар беретін журналистердің де еңбегі ұшан-теңіз. Күн-түн демей, таңмен жарыса оянатын олар кез келген жағдайға әзір.

"Біздің жұмыс журналистердің жұмысынан оңайлау. Біз шеф редакторымыз дайындап берген тексттерді оқимыз. Ал, ең басты жұмыс журналистердің мойнында.су бассын, өртенсін, олар қай кезде болса да жұмысқа дайын жүреді. Ең басты ауыртпалық біздің журналистерге түседі",- деді жаңалықтар жүргізушісі Әнуарбек ЖӘЛЕЛ.

Дегенмен тілшілердің жасаған еңбегін көрермен көкейіне қонымды, түсінікті етіп жеткізу жаңалықтар жүргізушісінің мойнында. Себебі «Айтылған сөз - атылған оқ». Ауыздан шыққан сөзді қайтарып ала алмайсың. Сондықтан арна дикторлары  осы нақылды әрдайым жадынан шығарған емес.

Заман талабы сол, тек сөзге жүйрік, кез келген сәтке бейімделе алатын адам ғана журналистикада табан тіреп тұра алады. Бәсекеге қабілетті, білімді шебер маман ұдайы сұраныста. Біздің арна дәл осындай шығармашылық топтың ұйытқысы болып отыр десек, артық айтпағанымыз болар. Журналистер шығармашылық талаптан өзге техникалық құрал-жабдықты да жетік меңгерген.

"Мәтін жазудан бөлек, біз техниканы да меңгеріп жатырмыз. Өйткені заман талабы сол барлығы ұдайы даму үстінде",- деді тілші Әмірболат ҚҰСАИН. 

Сан түрлі тақырыпқа қалам сермейтін журналистің басты мақсаты - жаңалықты тез жеткізу. Эфирге дейінгі уақытта ақпараттың нақтылығын дәлелдеп, мағлұматтарға көз жеткізеді.Оны бейнекадрларымен көмкеріп,  артық-кемін таразылайды.

"Қарапайым көрермен "Кешкі жаңалықтарды" көргенде қаншама адамның еңбегі жатқанын білмейді. Олар тек жүргізуші мен журналистерді біледі.Ал, оқиға орнына бізді жеткізетін көлік жүргізушілер бар. Сосын әдемі кадрлар жинайтын операторлар бар. Бейнеинженерлер бар. Мәтін тексеретін шығарушы редактор, дыбыс режиссері бар. Журналистика - бұл ұжымдық жұмыс",- деді тілші  Жадыра ОМАРЖАН.

Әдетте, эфирге шығатын толыққанды бүтін материалдың артында  кадрдан тыс жұмыс атқаратын мамандардың еңбегін естен шығармаған жөн. Олар да  журналистен кем жұмыс атқармайтыны бізге мәлім.

"Әрине, өте көп қызықтар басымыздан өтеді. Оның бірі журналистеріміз жетіспей жатса, өзіміз де түсірілімге кетіп қаламыз. Менің жұмысым тікелей телефонмен байланысты болғандықтан, көп адам мені танымайды. Біз кадрдың сыртында жүретін адамдармыз. Түсірілім алаңына барып менің есімім Роза десем, сен үйлестіруші емессінбе дейді, біз сізбен 3 жылдан бері телефонмен сөйлесіп,   бір рет те түрінізді көрген емеспіз дейді",- деді үйлестіруші  Роза ҮТЕЛОВА.

Түсірілім кезінде әр нәрсе ойдағыдай шықпай жатады. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды. Журналистердің де терге түсетін кездері болады.

Сырт көзге оңай, ал бізге шын.Терлеп-тепшіп шығаратын сюжеттің артында түрлі оқиға бар. Соққыға жығылып, теперіш көретін сәттер де аз емес. Бұндай жағдайдың өзінде де журналист тығырықтан  шығудың амалын табады. 

Жаңа маусымнан бастап арна жаңа келбетке енеді. Көрерменнің көңілінен шығар түрлі жанрдағы бағдарламалар легі көрерменге жол тартпақ. Халықтың тілі һәм көзі болып келе жатқан телеарна тілшілері алдағы уақытта да тек  ақиқат жаршысы болмақ.


Назым Мәлікқызы арнайы "Алматы апталығы" үшін


Прямой эфир