08.07.2016

Алматыда жарық диодты өнімдер шығаратын зауыт іске қосылды

Форум аясында «Алатау» технопаркінде инновациялық Led экрандар мен жарық шамдарын шығаратын зауыт ашылды. Отандық өнімнің ерекшелігі - электр шамдардың басқа өнімге қарағанда қолданыс мерзімі 5 жылға ұзақ. Ал, бағасы импорт тауарлардан 30 пайызға арзан. Жалпы Алматыда 6 жарық диодты шамдарды шығаратын зауыт бар. Өнімі тұтынушы арасында кең сұранысқа ие.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл кәсіпкерлерге инновациялық тұрғыдан дамуға мүмкіндік жасалуда. Енді Алматы қаласында өндірілген тауарлар шетелге экспортталатын жағдайда жетуі керек. Бұл индустриаландыру картасының алға қойған басты мақсаты. Сонда ғана Қазақстан басқа елдермен терезесі тең және бәсекеге қабілетті елге айналмақ. Айта кетейік, 2016 жылы Алматыда 67 инновациялық жобаны іске қосу жоспарланған. Соның жетіншісі ашылып отыр. «Tecatа» атты қазақстандық брендтің тауар сапасы өздерінің жеке зертханасында сараланады. Болашақта компания жылына 4 жүз мың Led шам, 25 мың Led экран және 38 мың Led құрылғыларды өндірмек ниетте. Айта кетейік, бұл «DS Multimedia» зауыты әлем бойынша алтыншы өндірісі. Бұған дейін Сингапурде, Малайзияда, Мысырда және Бразилия мен Оңтүстік Кореяда ашылған.

«Бүгіннің өзінде «Алатау» технопаркінде зауыттарды іске қосуға толықтай мүмкіндігіміз бар. Ашылған зауыттың ерекшелігі сол, жарық диодты шамдардың сапасы өте жоғары. Нарықта бұл тауар өнім кең сұранысқа ие. Компанияның тек Алматы қаласын ғана емес, бүкіл Қазақстанды өніммен қамтамасыз етуге қауқары жетеді. Ал, бұл мекеме тауар түрлерінің сан алуандығымен ерекшеленеді. Көрмеде көрсетілгендей шамдар соңғы заманауи технологиялармен жасалады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан ӘУКЕНОВ.

Зауыттың ашылуына орай 50 адам жаңа жұмыспен қамтылды. Жақын арада кәсіпорын толық қуатта іске қосылған уақытта компания жұмыс орнын 150-ге дейін көбейтпек. Айта кету керек, отандық шамдар жарық диодты болғандықтан, ішінде сынап булары жоқ. Сондықтан халықтың денсаулығына ешқандай да зиянын тигізбейді және экологиялық сапа жағынан жоғары. Зауыт тек қана көше және үйлерге арналған шамдар ғана емес, Led дисплей, сезімтал және сыртта ілініп тұратын экрандарды жасауға қауқары жетеді. Бүгіннің өзінде ең алғашқы тапсырыстар келіп түсіп жатқан көрінеді. Бұл отандық тауарларға халықтың сұранысы бар екендігін көрсетсе керек.

«Біздің шамдарымыз толығымен жарық диодты. Осы жерде біз финалды өзіміз әкелген қосалқы бөлшектерден жасаймыз. Ол ең бірінші айырмашылығымыз. Себебі, басқа өндірушілер көбіне дайын өнімдерді импорттап, осы жерде жай ғана алып сатып жатыр. Арнайы экономикалық аймақта орналасқанан кейін өніміміздің түпкі бағасын түсіруімізге мүмкіндік туып отыр», - деді компания директоры Қанат НҰРИКЕНОВ.

Үй мен көшені жарықтандыратын шамдар 40 мың сағатқа дейін үзбей жұмыс істейді және электроэнергияны 90 пайызға дейін үнемдейді.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы 

Прямой эфир