07.07.2016

Медеу ауданында тойланған мереке Орталық демалыс саябағында өтті

Астана күнін тойлау Алматының басқа да аудандарында да жалғасты. Мәселен, Медеу мен Алмалы аудандарында аталып өтілген шараға келген тұрғындар көп. Халықтық мерекеге айналған мейрамда көпшіліктің көңілі көтеріңкі болды.

Медеу ауданында тойланған мереке Орталық демалыс саябағында өтті. Аудан тұрғындары өнер жұлдыздарының орындауындағы тамаша әндерді бірге шырқады. Биге икемі барлар мың бұралып жүр. Бүгінде Астананың туған күнін тойлау халықтық мерекеге айналды. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарт та жүр.

Арқаның төсіндегі қаланың туған күнін тойлау астаналықтардың ғана емес, алматылықтар да міндетіміз деп санайды. Себебі Алматы қаласы тәуелсіздіктің алтын бесігі. Осыдан 18 жыл бұрын еншісі бөлініп бөлек шыққан қала бүгінде еңсесі биік елордаға айналды.

Алмалы ауданында айрықша тойланған мерекеде танымал әншілер емес, кілең кішкентай бүлдіршіндер ән салды. Жасы кіші болсада жасып тұрған жоқ. Қазақтың өр рухын асқақтататын әндерді әуелете жігермен жырлады. Қазақтың ордасы Астанаға көшсе де, Алматыға деген махаббат ерекше дейді өнер қайраткері.

«Әрине, Алматыдан Астанаға орталық көшкен кезде толқулар болды көңілде. Бірақ Елбасына сендік, елімізге сендік. Қазір бәріміздің ойымыздан шыққан қала. Төрткүл дүние таныған қала. Жастардың қаласы. Біз қуаныштымыз», - деді ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Гүлшара ЕСЕТҚЫЗЫ.

Мейрамға келген меймандар ең бастысы егемендікке селкеу түспей, тәуелсіздіктің тұғыры берік болсын деген ниетте. Себебі, күллі Қазақстан халқының жүрегі бөлек болғанмен тілегі бір, ұлты бөлек болғанмен ұраны бір.

Үмбетәлі Меймеш, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы 

Прямой эфир