24.06.2016

Алматыда жолаушыны пышақтаған кондукторға қатысты жаңа деректер пайда болды

Алматыда жолаушыға пышақ жұмсаған кондуктор 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қалалық Ішкі істер департаменті күдіктінің ұсталғанын және тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оқиға Райымбек даңғылы бойында орналасқан «Арзан» сауда орталығы маңында болған. Жолақыны төлемеген жолаушыны автобус кондукторы пышақпен жарақаттаған. Ал, «Қаскелең автобус паркі» өкілдерінің айтар өз уәжі бар. 

Даудың басы жолақыдан басталған. 22 маусымда кешкілік мезгілде орын алған оқиғаның куәгері әлеуметтік желіде суреттерді жариялады. №303 қоғамдық көлік кондукторы куәгерлердің айтуынша, жолақысын төлемеген жолаушыға пышақ жұмсаған. Нәтижесінде жолаушы аяғынан жарақат алыпты. Ал Алматы қалалық Ішкі істер департаменті болса, аталған жайтты тексеріп жатқанын мәлімдеді. Оқиға Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша сараланып, қазір күдіктіге бұлтартпау шарасы таңдалуда. Тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

"Екі жақта өз беттерінше түсінік беруде. Кондуктордың айтуы бойынша, екі мас азамат мас күйінде қоқан-лоқы көрсетіп, оған жұдырық жұмсаған. Сол себепті оларға төтеп беруге мәжбүр болдым деуде. Ал, жәбірленуші жақтың түсініктері басқаша. Қайсы жақтың дұрыс екендігін біз тергеу барысында анықтайтын боламыз",- деді  Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Тәртіп сақшылары жәбірленушілердің мас болғандығын да растап отыр. Ал,  №303 автобусқа жауапты «Қаскелең автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің айтар өз уәжі бар. Пышақты кондуктор емес, мас жолаушылардың бірі ала жүгірген.

"Кеше бестердің шамасында "Алтын ордадан" екі мас бала отырыпты. Ақшаларын төлемеген. Сөйтіп төле десе, кондукторды итеріп, теуіп жібереді. Содан түсіп бара жатқанда шофер тоқтатып алады "Арзаннан". Тағы біреуі ұрып жіберген бе, кондуктор өзі кішкентай бала. Біреуінің пышағы бар екен, аналардың. Байқамай кондуктордың қолына тиіп кетеді. Шығарғанша жолаушының аяғына тиеді. Сол болды. Менің жүргізушім де, кондукторым да мас емес. Екеуінде РОВД-ға апардық",- деді «Қаскелең автобус паркі» ЖШС директоры Есбай ӘШІМБАЕВ.

Жолаушылардың айтуынша, мұндай оқыс жағдай бірінші рет орын алып отыр. Ал, күнделікті өмірде кондукторлардан былапыт сөзді жиі естиміз дейді.

"Ой, көп қой ондайлар, кондукторлардың бәрі айғайлап, шоферлардың өздері ұрсып сөйлейді, боқтап".

"Кірерде нормально кіргізеді де, шығарда балаң бар ма, итеріп шығарады. Ал, былай ұрысып жатқандарын күнде кездестіремін".

Ішкі істер департаменті оқиғаны жан-жақты тексеріп жатыр. Бұл дерек «Бұзақылық» бабы бойынша сараланып отыр. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Азамат Әуезхан, Жанат Айтенова, Валерий Таубалдиев, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир