27.06.2016

Алматы экобекеттерінде айыппұлды анықтайтын бейнекамералар орнатылады

Қылмыстық істерді созбалаңға салып, жүріп алатын тергеушілердің әрекетіне шағымданған алматылықтар азаймай отыр. Қала әкімдігі жанынан құрылған қоғамдық кеңес  Ішкі істер департаментінің жұмысын сынға алды. Ал, қаланың бас сақшысы Серік Күдебаев полицейлердің жайбасарлығын тергеушілер алдында жатқан құжаттардың тым көптігінен көреді.

Алатау ауданындағы 32 адамды алдаған алаяқтық оқиғасы бірнеше жыл бұрын тіркелсе де, тергеушілердің оны әлі созбалаңға салып келе жатса керек. Қоғамдық кеңес мүшелерінің ашуын келтірген бірінші дерек осы болды. Жиында мұндай оқиғаларға бірнеше мысал келтірілді. Құйтырқысы көп болмаса, әдеттегі істерді сот алды тергеуге заңда екі ай уақыт берілген. Бірақ істі созбалаңға салып, оқиғаның соңын сұйылтып жіберетін тергеушілер көп. Бірақ соған қарамастан соңғы екі жылда қалада бірде-бір тергеуші жауапқа тартылмаған.

"Ішкі істер департаментіне, әкімшілік басқармасына кіре алмайсың. Біз қоғамдық кеңестің мүшелері әрі "Нұр Отан" партиясының жемқорлыққа қарсы бөлімінің өкілдері болсақ та,  бұлардың алдына бара алмаймыз. Ал, бұндай жағдайда қарапайым адамдар туралы не айтуға болады? Неге біз адамдардың пікірін тыңдамай, халықтың ашуына тиеміз. Полицейлерді керек болса, аттестациядан өткізу керек. Екі жылда бірде-бір тергеуші тәртіп бұзбады дегенге кім сенеді?",- деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Александр БЕЛЯНОВ.

Қалада орын алған ұсақ қылмыстардың көбі ашылмайды. Әсіресе ұрланған ұялы телефондардың 80 пайызы табылмайды. Мәселен, биылғы 5 айда 4 мыңнан астам ұялы телефон қолды болса, олардың тек 19 пайызы ғана иелеріне қайтарылған. Ішкі істер департаментінің қаржылық есебі мен жұмысын тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері көңілдері толмайтынын ашық айтты. Әсіресе істі созбалаңға салып қоятын тергеушілердің әрекеті сынға алынды. Былтыр мемлекеттік бюджеттен 6,5 миллиард теңге бөлінсе, биыл алматылық тәртіп сақшыларына республикалық қазынадан 5, жергілікті бюджеттен 13 миллиард теңге қарастырылған.

"Ішкі істер департаментімен жұмыс істеу өте қиын. Қағазбастылық аз емес. Бүгінгі күні Ішкі істер департаментінің қарамағына өткен Поршкаен и Мерседес, Геленваген машиналары көңілді аудартып отыр. Құны қымбат көліктердің баланстық бағалары тым төмен көрсетілген. Біреуінің құны үш, екіншісі бес миллион теңгеге бағаланыпты. Біз оны анықтаймыз. Жалпы полицейлердің ісіне көңілім толмайды. Олар жеке құрам қызметкерлерінің 30 пайызға дейін жетіспейтіндігін айтады. Жұмыстың нашар жүруіне ол да әсер етуі мүмкін",- деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Анна ДАНИЛИНА.

Қаладағы бейнебақылаулар 21 миллиард теңгенің айыппұлын тіркесе, оның тек 9 миллиард ғана бюжетке қайтарылған. Ал "Крис-П" аппараты 4 миллиард теңгенің айыппұлын тіркеуге алса, оның тек 4 миллиард төленіпті. Жалпы соңғы төрт жылда темір көліктерден түскен айыппұл көлемі 15 миллиард теңгені құрайды. Қаланың бас сақшысы айыппұлдардың қайтарылмауын ережені облыстан келетіндерің көп бұзатынымен түсіндірді. Алдағы уақытта Алматыға кіреберіс жолдарға қосымша тағы да бейне камералар қойылады. "Кордон" атты аппараттар келе жатқан жүргізушінің айыппұлы болса, экобекеттегі полицейлерге белгі береді.

Әмірболат Құсайынұлы, Влад Шишко, "Алматы" телеарнасы
Прямой эфир