27.06.2016

Астанада ер адам үйін жарып жіберемін деп жұртты дүрліктірді

Астанада ер адам үйін жарып жіберемін деп жұртты дүрліктірді. Ізінше, Иманов пен Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы аумақ коршалып, тәртіп сақшылары мен дәрігерлер қаптады. Бес сағат бойы отағасы Әділбек Мейрамов баспанасына қатысты шешілген сот шешіміне қарсы екендігін айтумен болды. Жанына шиіттей балалары мен жүкті әйелін де ертіп алған. «Әкіммен ғана тілдесемін» деген азаматтың шағымын тілшіміз Айжан Шамшидин де тыңдады. 

«Баспанам үшін барымды салып күресемін» деген жігіт төңіректегілердің зәре-құтын қашырды. Айналада тіптен газдың иісі де сезіледі. Қағаз жағып, газ баллонын жарғысы келген Әділбек Мейрамов 2012 жылы үйіне қатысты шыққан соттың шешімімен келісер емес. «Жүкті әйелім, балаларымды да өзіммен о дүниеге алып кетемін» деуден тартынбады.

"Мен тек әкім Әсет Исекешов мәселемді түпкілікті шешіп беруін талап етемін. Сотта менің қатысуымсыз шешілген сот шешімдері өз күшін жойсын. Бар айтарым осы",- деді Әділбек МЕЙРАМОВ.

Ал, сот орындаушылары бұл отбасымен келіссөздер бірнеше рет жүргізілгендігін айтуда. Сот шешіміне сәйкес, Иманов пен Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы жер үйлер сүрілуге тиіс. Иелеріне арнайы өтемақы да төленген. 17 миллионнан әр отбасыға табысталыпты. Ал, ағайынды Мейрамовтар бір үйді жартылай иемденген себепті екі отбасына жалпы 34 миллионға жуық өтемақы берілген.

"2015 жылдың жазынан бастап бұл азамттар прокуратура, әкімдік өкілдерімен бірнеше рет кездескен. Әр кездесуден кейін ол 2-3 аптаға үйді сүру мәселесін кейінге шегеруімізді өтінетін. Бұл отбасыға үй үшін 16 582 628 теңге өтемақы төленген",- деді  сот орындаушысы Талғат БАЗАРОВ.

Тек қала басшысы Әсет Исекешовпен ғана сөйлесемін деген Әділбек Мейрамов әкімдіктен екі бөлмелі пәтер талап етуде. Тек осы жағдайда ғана ол тынышталатындығын жеткізген. Оқиға орнына қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин келген. Ол үйді сүру жұмыстары мән-жайды толық анықтамағанша, уақытша тоқтатылатындығын жеткізді.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир