13.06.2016

Отандық жеңіл өнеркәсіптің жағдайы мүшкіл

Қазіргі таңда Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі қиын жағдайда. Отандық тауар өндірушілер қазақстандықтарды киім және аяқ киіммен толық қамти алмай отыр. Нарықта өзге елдің кәсіпорындарымен иық тіресуге мүмкіндік бар ма? Оны қазақстандық өнім ығыстыра ала ма? 

Қазақстанның шикізат базасы бай. Елімізде мақта, жүн, тері баршылық. Бірақ өндірушілер осы күнге дейін қазақстандықтарды толық киім және аяқ киіммен қамти алмай отыр. Отандық өнеркәсіп алға ілгерілегенімен, шатқаяқтайтын тұсы да бар. Мамандардың сөзінше, тоқыма және тігін өндірісі ішкі нарықты тек 10 пайыз ғана қамтиды. Алайда қазіргі шикізат ресурсы 70 пайыз сұранысты қанағаттандыруға қауқары бар. Өндірушілер елімізде жеңіл өнеркәсіпті өркендету жолында барын салмақ.

"Жеңіл өнеркәсіптің дамуына Елбасы маңыз бөледі. Сондықтан соңғы Жолдаулардың бәрінде жеңіл өнеркәсіпке көптеген міндеттер қойылған. Сол міндеттерді атқаруда Инвестиция және даму министрлігі бұл салада үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл сала өзінше ерекше",- деді ҚР ИДМ Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз ЕРЖАНОВ.

Тігіншілердің айтуынша, қазіргі нарық жағдайы өндіріске әсер етуде. Импортталатын мата, қымбат құрал-жабдық өндірушілерді тауар құнын екі есе көтеруге мәжбүрлейді. Сондықтан дизайнерлік киімдерді сатып алуға кез келген жанның қалтасы көтере бермейді. Бүгінде орташа есеппен алғанда оның бағасы 20 мың теңгеден басталады. Ал, тігін компания қожайындары миллиондаған табыс таппаймыз дейді. Жеңілдетілген несие, көрсетілетін қаржылай көмек те жағдайды өзгертпей отыр.

"Барлық өндіріс орындары өз кәсібін дамытқысы келеді. Бірақ қаржылай қиындық қол байлау туғызады. Ақшалай қолдауға ие болғанымен, одан құтылу оңай емес. Өйткені техниканың құны өте қымбат",- деді тігін кәсіпорнының директоры Ирина ГОРШКОВА.

Қазіргі таңда Қазақстан Қытай, Түркия және Қырғыз елінен тонналап тауар тасымалданады. Өнім көп жағдайда салығы төленбей, заңсыз әкелінеді. Айта кетерлігі, Қырғыз елінің жеңіл өнеркәсіппен айналысатын өндірушілері барлық салықтан босатылған және патентпен жұмыс істейді. Басқа ТМД елдерінде де осы жағдай.

"Әрине қиындықтар бар. Ол қиындықтар ақша айналымы дейді, сонысы жоқтығы. Нарықта басқа мемлекеттің өнімі өзінің орнын алып алған. Сондықтан біздің де кәсіпорындардың осы нарықтағы орнын табу үшін жоғары сапалы болуы керек. Осы тұрғыда жақсы жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарда қазақстандық кәсіпорындар аз емес",- деді ҚР ИДМ Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз ЕРЖАНОВ.

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі қазір қиын кезеңді бастан өткеруде. Бірақ алға даму үшін бар мүмкіндікті пайданалануда. Өткен жылы тігін кәсіпорындары 71 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Өндіріс көлемі 3,5 пайызға артқан. Жуырда компанияларға өз тауарын ғаламтор арқылы сатуға мүмкіндік жасалмақ.

Перизат Көмекбайқызы, Ромина Макаримова, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир