15.06.2016

Қасымов: Елімізде жол көлік оқиғалары едәуір азайған

Соңғы жылдары еліміздегі тас жолдардың жағдайы қалыпқа түсіп келеді. Бірақ жүргізушілер бірегей тәртіпке бой ұсынбай отыр. Десе де көлік саны артқанмен, жол көлік оқиғалары едәуір азайған. Бұл туралы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді.

Жыл басынан бері елімізде 11 700 адам мас күйінде көлік тізгіндеген. Заңнамада жылдамдықты асыру, қызыл түске өтіп кету, қарсы бағытқа шығу сияқты заңбұзушылықтарға қатаң жазалар қарастырылғанмен, жол ережесін сақтамайтындар тыйылар емес. Жыл басынан бері Қазақстан бойынша ұсталған он екі мыңға жуық мас жүргізуші рулге отырса, олардың 1 600-і қамауға алыныпты. Ал 16 мыңнан астамы жүргізуші куәліктерінен айырылған.

«Қазіргі таңдағы айыппұлдар дұрыс, оны көбейтудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Оны азайтпау да керек. Бірнеше жыл осымен жұмыс істейік», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Бас сақшы қол астындағы қызметкерлердің арасында заңға қайшы әрекет ететін полициялардың да аз еместігін айтты. Тек биылдың өзінде Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне қатысты 10 мыңға жуық арыз түскен. Ішкі тексерулердің нәтижесінде бірқатар өрескел оқиғалар анықталып, 65 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 279 құқық қорғаушы тәртіптік жазаға іліккен. Министр көлік апаты азайды дегенмен, жаяу жүргінші өткелдерінде адам қағу фактісі көп. Сонымен қатар, жаяу жүргінші жолағының жанына машинасын қаңтарып тастап кететіндерде жоқ емес.

«Қазір жүргізушілерді жаяу жүргінші жолағынан сақ болу мен сол маңға көлігін қоймауға шақыратын іс-шаралар жоқтың қасы. Жақын күндері «Қауіпсіз машина» атты акция бастамақпыз. Өйткені жолақтан өтіп үлгермей жатқан адамдарды машиналар қағып кете жаздап ұмтылады. Бізде жаяу жүргіншілер жолағы баршылық, бірақ көрсеткіш бәрібір төмен», - деді «Жалпы жол» қауымдастығының президенті Арсен ШАКУОВ.

Былтырғы жылмен салыстырғанда көлік апаттары 7 пайызға, апаттан қаза тапқандар саны 5 пайызға азайған. Ал соңғы үш жылда автокөліктер саны 3-тен 5 миллионға жетіпті. Апаттар саны азайғанмен, тәртібі төмен жүргізушілер әлі де бар. Бір жылдық жұмысын қортындылаған министр полицияға бағынбайтындардың саныда артты дейді. Соңғы он айда полиция қызметкерлеріне бағынбау деректері бойынша 700-ге жуық қылмыстық іс қозғалыпты.

Мөлдір Байбуринова, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир