21.06.2016

«Айбын» жастар жарысында алматылық команда жеңімпаз атанды

«Айбын» жастар арасындағы жарыс мәресіне жетті. Қарағанды облысының «Спаскк» оқу-жаттығу орталығында өткен додаға әскери-патриоттық клубтар мен интернат-мектептер және жоғары оқу орындарының әскери кафедрасының студенттері қатысқан. Оған қоса, Алматы қаласының командасы көптің арасында үздік атанып, көшбасшылармен бірге жеңімпаз атанды. Жексенбі күні Алматы қаласының атынан аттанған құрамына жанкүйерлермен бірге біздің тілшілер де күтіп алған еді. 

Бұл бар сән-салтанат пен қошеметке Алматыдан шыққан әскери топ шынында да лайық. Өйткені біздің қыз-жігіттер бір аптадан астам уақыт бойы далалық жағдайда әскери-қолданбалы спорттың сан түрі мен пәнінен жарысқа қатысты. Көрсеткен нәтиже де жаман емес. Алматылық команда әскери ойындарда интеллектуалдық деңгейі жоғары және дайындықтары мықты екендіктерін дәлелдеді.

"Айбын-2016" әскери-патриоттық жиын жарысы өте жоғарғы деңгейде өтті. Республиканың барлық өңірлерінен, облыстарынан іріктелген мықты-мықты командалар келді",- деді Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі Жамбыл НҰРӘЛИЕВ.

Іріктеу осымен 2-ші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Тіпті, өткен жылы болған бірінші жарыстан кейін балалардың біразы мамандықтарын әскери саламен байланыстырыпты. Қазіргі таңда олар еліміздегі жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраға түсуге дайындалып жатқан көрінеді. Бұл жолы да «Айбын» патриоттық жарысы өскелең ұрпақты елі мен жерін қорғауға үйретті деп отыр қатысушылар. Игі дәстүр келесі жылы да өткізілмек.

"Бару оңай, ал ұту қиын болды. Бірақ қарсыластар да оңай қолдан келе бермейді де. Қарсыластар да қиын болды. Бірақ біз берілмедік. Екінші орын алдық. Оған да қуаныштымыз".

"Біз айбынды жастар  әрқашанда елімізді қорғаймыз. Осы жастар жиынын ұйымдастырған Қорғаныс министрлігіне, Білім және ғылым министрлігіне алғысымыз шексіз".

«Айбын» жарысы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп қана қоймай, өскелең ұрпақты алғашқы әскери дайындық туралы білімін арттыруға септеседі. Сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтының құндылықтарын кеңінен насихаттайды. Жарысқа бас-аяғы 800-ге жуық адам қатысыпты. Бір қызығы оның 52-сі нәзік жандылар екен.

Жадыра Омаржан, Жанат Әйтенова, Валерий Таубалдиев, "Алматы" телеарнасы


Прямой эфир