21.06.2016

Қазақстанда бірінші параклайминг чемпионаты өтеді

Бұл мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы құзға өрмелеу спорттық жарысы. Қазір сайысқа қатысушылар қызу дайындық жүргізуде. Ал, мамандар олардың мүмкіндіктеріне баға беруде.

Кенжеғұл Сейітжан жаттығулардан бірде-бір рет қалған емес. Ол жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін бар күшін салу қажеттігін жақсы біледі. Бұл ережені Кенжеғұл жаттығудан бөлек, күнделікті өмірде пайдаланады. Ол - мектепті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін, Англияда магистратураны үздік бітірген жан. Ал, қазір әлеуметтік жобалармен айналысып жүр. Сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын және жапон тілінде еркін сөйлейді. Өзінің зағип екендігін кішкентай кезінде білген.

«Мен өзімді мүгедек деп санамаймын. Менде барлық адамдар сынды толыққанды өмір сүремін. Өзіме ұнайтын жұмыспен айналысамын. Бір орында отыруды ұнатпаймын. Құзға өрмелеусіз мен көптеген істі жүзеге асыра алмайтын едім. Өйткені бұл спорт түрі маған жаңа идеялар, шабыт алып келеді»,- деді Кенжеғұл СЕЙІТЖАН.

Кенжеғұлдың сөзінше, адамның мүмкіндігінде шек жоқ. Ол алдына мақсат қойып, өзгелердің көзқарасын өзгертіп, қанаттандыратын адам. Жаттықтырушысы Александр Нигматулин Кенжеғұлды төзімділігі мен еңбекқорлық қасиеті үшін ерекше бағалайды.

«Біздің мақсатымыз - Қазақстанда өткізілгелі отырған чемпионатқа қатысу. Алматыда құзға өрмелеу бойынша жарыс зағип жандар арасында ұйымдастырылып отыр. Кейінгі меже Парижде өтетін параклаймингте елдің намысын қорғау»,- деді жаттықтырушы Александр НИГМАТУЛЛИН.

33 жастағы Кенжеғұл Қазақстан құрама командасының қатарына қосылуға ұмтылуда. Ол үшін алдымен еліміздегі өтетін спорттық жарыста жеңіске жетуі тиіс. Ол - отбасында ең кенжесі. Оның алдында 16 әпкесі мен 3 ағасы бар. Оны бауырларына деген жауапкершілігі алға жетелейді. Елімізде алғаш рет өткізілетін параклайминг чемпионатына 2 апта уақыт қалды.

Перизат Көмекбайқызы, Дастан Аққожа, Ғибрат Бақаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир