08.06.2016

Жүргізушілер Астанадағы автотұрақтарды ақылы қылуға наразы

Астанаға өзге өңірден жұмысын тындыруға келген темір тізгіншілердің қалтасы қағылмақшы. Енді тамыз айынан бастап бас қаланың аймағына кірген автокөліктер ақша төлейді. Сомасы әзірге белгісіз. Белгілісі Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Қосшы, Қорғалжын, Көкшетау бұл тізімнің көшін бастап тұр. Күнделікті қос қаланың арасында қатынап жұмыс істейтін жүргізушілер бұл жаңалыққа наразылықтарын білдіруде. Мұнымен қоймай қала атқамінерлері сол жағалаудағы тұрақтардың басым бөлігін ақылы қылуды ұйғарыпты. 

Елорданың су жаңа көшелерінде күніне 400 мың автокөлік жүйткиді. Оған алты бағыт бойынша қатынайтын өзге өңірлерден келетін 74 мың темір тұлпарды қосыңыз. Осылайша тақтайдай тегіс, десе де бастапқыдан тар төселген көшелер көлік нөпіріне төтеп бере алмауда. Кептелістер, жол-көлік оқиғалары да жиі орын алып кеткен. Биліктегілер мәселенің шешімі басқа аймақтан келетін көліктерге ақша төлету деп отыр.

"Тұрақтар Астана қаласындағы көлік-жол желісіне түсетін жүктемені төмендетіп қана қоймай, реттеуді тиімді құралдардың бірі болып табылады",- деді «Астана LRT» ЖШС баспасөз хатшысы Айдана РЫСБАЙ.

Алты бағыт бойынша Астанаға қатынайтын көліктер үшін бұл үрдіс тамыз айынан бастап қолданылады. Бұл жеңіл көліктер мен жүк көліктеріне бірдей енгізілген төлем жүйесі. Жол кептелісін азайтамыз деген шенділердің реформасы мұнымен бітпейді. Енді сол жағалаудағы тұрақтарға көлігіңізді емін-еркін қою да мұңға айналады. Сағатына 150 теңге төлесеңіз ғана, машинаңызды қалдырып кете аласыз. Бұл мақсатта бас қалада 9 мың көлікке арналған 259 ақылы тұрақ іске қосылуда.

"Халықтың жан басына шығатын жалпы ішкі өнімді анықтай отырып, сонымен қатар қоғамдық көлікпен жол жүру, таксимен жол жүру құнын ескере отырып, тарифтің диапазонын есептеуге мүмкіндік береді. Ақылы тұрақтар операторларының операцияларының шығыны есептелген болатын. Соның негізінде біздің ақылы тұрақтардың тарифтері анықталды деп айтуға болады",- деді  «Астана LRT» ЖШС баспасөз хатшысы  Айдана РЫСБАЙ.

Темір тізгіншілер тамызда қолданысқа енетін жаңалыққа тіптен наразы. Күнделікті алыс-жақын аймақтан қатынап жұмыс істейтін жүргізушілердің пікірінше, бұл шаруа қисынсыз қолға алынған. Жанармай бағасы жағадан алған тұста, бұл жығылғанға жұдырық болды,- дейді қарапайым шопырлар.

"Қонақтар келеді, туыстар келеді. Бір қаладан бір қалаға бару үшін ақша төлеп жүретін болсақ, онда халық үйінен аттап шықпауы керек қой".

"Вот, смотрите, население, допустим, 800 000 человек. Вот сейчас левый берег сделают, и как люди туда будут заезжать? На работу все будут опаздывать".

"Мен ойлаймын дұрыс емес деп, тұрақтың бәрі ақылы болса, 150 теңге деп жатырсыз ғой. Тоқтаған сайын 150 теңге бере берсе, қазір бензин де қымбат қой қазір қарап отырсаңыз".

Анығы, күндізгі уақытта көлігіңізді қойсаңыз ғана пұл алады. Сондай-ақ арнайы тұрақ жанында тұратын адамдарға резиденттік рұқсат беру мүмкіндігі қарастырылуда. Ал, жарымжан азаматтар көлігін тегін қоя алады.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, "Алматы" телеарнасы Астанадан

Прямой эфир