11.07.2016

Қазақстанның Ұлттық гвардиясы авиациясының қатарына тұңғыш рет ұшқыш қыз қосылды

Қазақстанның Ұлттық гвардиясы авиациясының қатарына тұңғыш рет ұшқыш қыз қосылды. 22 жастағы Ардана Ботай АН-26 ұшағын бағындырып, осы көлікпен алғаш рет көк аспанға көтерілді. Болашағынан көп үміт күттіретін пилоттың алдында жауапкершілігі жоғары әскери тапсырмалар тұр.

Ардана Ботай АН-26 ұшағына отырып, оны басқарудан бұрын нұсқама алуы тиіс. Көкке көтерілудің алдында ұшқыш әуе кемесін жетекшімен бірге тексеріп шығады. Фильтрін, желдеткіші мен басқа да құрылымын бақылайды.

Ұшақты жан-жақты тексеріп шыққан соң, әуе кемесін басқарушылар кабинаға өтеді. Диспетчерлермен байланыс орнатып, датчикті тексереді, содан кейін ғана қозғалтқышты іске қосуға болады.

Әуе кемесі командирінің көмегінсіз Ардана бірнеше тонналық ұшақты 3 мың метр биіктікке көтерді. Алғашқы жоспарлы ұшу ұзақтығы 1,5 сағатқа созылады. Осы уақыт аралығында бойжеткен Алматы аумағын әуеде аралап шықты.

«Арданаға менің көмегім қажет болмады. Барлығын өзі тез ұғып алды. Ол болашағынан көп үміт күттіреді. Алатын асулары әлі алда деп санаймын», - деді ҚР Ұлттық гвардия авиациясының ұшқыш-жаттықтырушысы Рустам ҚОЖАХМЕТОВ.

«Алда осындай тағы 5 оқу жаттығу жасау қажет. Одан кейін орта есеппен бір айда 50 сағат ұшу керек», - деді Ардана БОТАЙ.

Ардана елімізде тұңғыш рет әскери ұшақты басқарып отырған ұшқыш қыз. Азаматтық авиация академиясын бітірген бойжеткен әуе кемесінде 240 сағат ұшқан. Тәжірибелі ұшқыштардың есебінше, бұл аса көп уақыт емес, бірақ әскери ұшақта ұшып үйренуге жеткілікті. Ұлттық гвардия мамандарының сөзінше, Ардананы олар өз қатарына кәсіби шеберлігі, ержүректілігі мен табандылығы үшін қосқан. Себебі оның бойында нағыз әскери ұшқаштан талап етілетін барлық қасиет бар.

Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир