11.07.2016

Наурызбай ауданының тұрғындары жолдардың сапасына шағымдануда

Арнамыздың WhatsApp нөміріне Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты Ардагерлер көшесінің тұрғындарынан шағым түсті. Олар ойық-ойық көшеден мезі болғандарын айтады. Құзырлыларға қанша мәрте жүгінсе де жауап жоқ деп күйініп отыр.

Наурызбай ауданындағы Ардагерлер көшесінің тұрғындары осыған дейін өз қаражаттарына соқпақ жолды халдерінше жамапты. Алайда, сел оқиғасынан кейін көшенің күйі бәз қалпына түсті деп ашынып отыр олар. Жарықтың да жоқтығын айтып налуда.

«Ардагерлер көшесімен жоғары қарай 200-дей отбасы тұрып жатыр. Барлығы зардабын көруде. Жолымыздың сиқы мынау, жаңбыр жауған сайын жиналып, өзеннен шығып кетеді. Өзенді жасаймыз дегелі 2 жыл болды, әлі жасамады. Жарық жоқ, кешке қарай балалар мектептен келгенде қорқады, сондықтан тосып алуымыз керек, шығарып салуымыз керек», - деді Нұргүл ЖАБАЕВА.

Алматының кенже ауданы Наурызбайдың қала аумағына кіргеніне небәрі 2 жылдың көлемі болды. Қазір ауданда инженерлік құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аудан әкімшілігі тұрғындарға жай жапсарды түсіндіріп берді. Яғни, көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тек...

«Қазіргі уақытта Алматы қаласы энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасымен Наурызбай ауданды сумен қамтамасыз ету бойынша жоба дайындалуда. Бұл жобаны биыл аяқтау жоспарлануда. Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратына сәйкес, бұл жобаның жұмыстары бітпей, су құбырларын өткізетін көшелерде асфальт төсеу бойынша жұмыстар жасалмайды», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан ДАНДЫБАЕВ.

Жалпы ауданда бақша шаруашылығы қауымдастығының құрамына кіретін жүзге жуық үй бар. Жауаптылар коммуналдық мәселелерді осы қауымдастық атқаратынын алға тартуда. Егер әкімдіктен көмек күтсе, тұрғындар қауымдастықтан шығулары керек екен.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир