16.06.2016

Биыл алматылық төрт мыңға жуық оқушы лагерьде тегін демалады

Биыл алматылық төрт мыңға жуық оқушы лагерьге барады. Қала бюджеті арқылы демалуға баратын балалардың көбі әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылар. Он күн ақылы демалып қайтудың қаржысы қалалық бюджеттен бөлінген.

Демалысты мәнді, естерінде қалатындай қызықты өткізу әр баланың арманы. Ал таудың таза ауасында тегін демалу екінің біріне бұйырмайтын мүмкіндік. Балалық шақтың бақытты өтуіне өзіндік үлес қосқан қалалық әкімдік биыл 190 миллион теңге бөлді.

«Қазіргі таңда Алматы қаласынан 400 оқушы «Спутник» лагерінде демалып жатыр. Бірінші ауысымда «Огонек» лагерінде 390 бала демалып жатыр. Сонымен қатар, респулбикалық сауықтыру орнына 100 оқушыны тегін демалтамыз», - деді Алматы қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Нүргүл ТАУ.

Қазір қалалық әкімшіліктің бюджетінен Алматы облысы Талғар ауданындағы лагерьде шамамен 800 оқушы демалып жатыр. Бұл жеткіншектер аз қамтылған, көпбалалы отбасынан, жетім және мүгедек балалар, сонымен қатар, оқу үлгерімі жақсы оқушылар. Лагердегі демалыс 10 күнге созылады. Ақылы демалыс орындарының сыртында қаладағы барлық мектептерде күнделікті лагерь жұмыс істеуде.

«Дәл қазір бізде 150 оқушы бар. Барлығы бастауыш сыныптың оқушылары. Оқушылар осында келіп ойнайды. Ал жұмыстан қолы босамайтын ата-аналар үшін бұл өте тиімді. Біз балаларды киноға, теартға апарамыз. Кітапханаға да үлгереді», - деді №159 мектеп лагерінің меңгерушісі Гүлжан ХАЛЕЛОВА.

Демалыс орнында оқушылардың ой-өрісін өсіріп, денесін шынықтыруға арналған түрлі бағдарламалар бар. Ән салып, би билеуге де үлгереді. Суда жүзіп, тауға да серуендей алады.

Лагерге келген балалардың жасы 7 мен 15 жас аралығында. Бір баланың он күн демалып қайтуына бюджеттен 50 мың теңге жұмсалып отыр. Алматының маңайындағы 40-қа жуық демалыс орнында осы жазда 4 мыңдай бала барып қайтпақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы 

Прямой эфир