16.06.2016

"Жұмыспен қамту" бағдарламасы аясында 460 адам жұмысқа орналастырылмақ

Биыл әлеуметтік жұмыс орындарына 460 адам жұмысқа орналастырылмақ. Бұл «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы негізінде жүзеге асады. Олардың қатарына жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі жандар мен түрмеден босап шыққан азаматтар кіреді.

Юлия Зорькина дизайнер болып қызмет етіп жатқанына 1 айға жуықтаған. Колледжді бітірген соң жұмыс іздеп біраз мекеменің табалдырығын тоздырған. Көбінде тәжірибенің жоқтығы қол байлау болған. Жұмыссыздықтың зардабын тартып келген ол «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының көмегіне жүгініпті. Аталған орталық бойжеткенді қаладағы компаниялардың біріне жолдама берген.

«Әр жастың алдында оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу деген үлкен мақсат тұрады. Бұл бағдарламаның жұмыс іздеп жүргендерге берер пайдасы мол. Қызметке орналаса алмай жүрген барлық азаматтарға мемлекет жасап жатқан мүмкіндікті пайдалануға шақырамын», - деді Юлия ЗОРЬКИНА.

Жыл басынан бері «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының үшінші бағытына қатысуға өтініш берген 960 адамның 700-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік бағдарламаның бұл бағытына жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастар, 50 жастан асқан азаматтар, түрмеден босап шыққандар қатыса алады. Халықты жұмыспен қамту орталығы тіркеуде тұрған тұрғындарды қызметпен қамту мақсатында 200-ден аса мекемемен келісім жасаған.

«Бұл шара бойынша егер біздің нысаналы топтағы азаматтарды жұмыс беруші жұмысқа алған жағдайда, мемлекет тарапынан жалақысының 35 пайызын мемлекет тарапынан субсидия жасалынады. Бұл әрине нысаналы топтағы азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында, әрі жұмыс берушіге жеңілдік болып табылады», - деді Алматы қаласы «Жұмыспен қамту орталығы» КММ басшысының орынбасары Шаһаризада АҚБЕРГЕНОВА.

Өткен жылы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының үшінші бағытына 543 адам қатысуға ниет білдіріпті. Қазір оның ішінде 443-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Халықты жұмыспен қамту орталығы тіркеуде тұрған азаматтардың қоғамға белсене араласып, жұмыс табуына мейлінше жәрдемдесіп келеді. Одан бөлек, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды қайта даярлау курсына қатыстырады.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы
Прямой эфир