15.06.2016

Дағдарыс салқыны отандық тауар өндірушілерді де айналып өтпеді

Дағдарыс салқыны отандық тауар өндірушілерді де айналып өтпеді. Кіріс үш есеге төмендеген. Тауарларымызға деген сұраныс алыс-жақын елдерден бөлек, Қазақстанда да біршама саябырсыған. Жалпы нарықтағы жағдай осындай. Әсіресе құрылыс саласында тіршілік тұралап қалғандығы байқалады.

Қос бүйірден қысқан дағдарыс құрылыс саласындағыларды кібіртіктетті. Ірі компаниялардың өзін жан алқымнан алып, құтын қашырды. Елімізде күлден кірпіш жасайтын Астанадағы алғашқы зауыт соның бір мысалы. Жылына 50 миллион кірпіш құятын мекемеде 180 адам қызмет істейді. Негізінен мемлекеттік бағдарлама негізінде салынатын үйлерді өз өнімдерімен қамтамасыз ететін зауытың табысы бір жылда үш есеге азайған.

«Біздің өнімді барлық Қазақстан тұтынады. Кірпіштеріміз күлден жасалған, яғни қалдықсыз өнім жасауды қолға алғанбыз. Биылғы дағдарыс, әрине, сезілуде. Себебі құрылыс компанияларының жұмысы тұралап тұр», - деді «№1 кірпіш зауыты» ЖШС директоры Павел ЦЫБА.

Бастапқыда бастама бастаған әрбір кәсіпкердің алдында ашылмаған сан есік, сан сынақ күтіп тұрады. Онсыз да қанаты кеңге жайылмаған іскерді тексерем деушілер шаш етектен. Айыппұл салуға да асығады құзырлылар. Жаңа зауыт-фабрикаға жер рәсімдеу мәселесі, бітпейтін 14 салықты тағы қосыңыз. Түйткілдерді шешуге кәсіпкерлерді қолдау палатасы араласуда. 8 жыл ішінде 2 жарым мың іскерге қолғабыс жасап, 4 мыңға жуық тегін көмек дер кезінде берілген.

«Бізде көбінесе осы архитектура, жер мәселесіне қатысты көп шағымдар болады. Кәсіпкерлер палатасына 700-ден астам шағым түссе, соның жартысын біз кәсіпкерлердің құқығын қорғап, кәсіпкерлер жағына шешкенбіз. Жалпы осы үш жылда кәсіпкерлердің құқығын 3 миллард теңгеге қорғағанбыз», - деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани ТАСМАҒАНБЕТОВ.

Отандық тауар өндірушілерге қолғабыс беруден Астана көш бастап тұр. Жыл басынан бері 108 мың бизнес өкілі тіркелген. Олардың кем-кетігін түгендеуге қазынадан қосымша 2 млрд теңге бөлініпті. Өнімдерді өзектен теппей, төрімізге шығарып, дүкендерден арнайы сөрелер бөлінген. Ал сарапшылардың пікірінше, тауарларға деген сұраныстың артуы 2017-ші жылға қарай байқалады. Яғни ЭКСПО көрмесімен қатар, тауарларымыздың да тасы өрге домалайды дегенге сенім көп.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан 
Прямой эфир