17.06.2016

Еліміздің зілтеміршілерінің басы даудан арылмады

Еліміздің зілтеміршілерінің басы даудан арылмады. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 2012 жылы Лондонда атой салып, жеңіске жеткен төрт спортшымыздың қанынан тыйым салынған заттар тапқан. Осылайша төрт тұяғын тең басқан дарабоздарымыз Риоға бармауы мүмкін. Тіптен иеленген медальдарынан да айырылады деген қауіп бар. «Олимпиадаға санаулы күндер қалғанда, төрт жыл бұрынғы сынаманы қопару кімге керек? Астарында саяси пәлеқорлық бар ма?» деген сауал қазір көптің көкейінде.

Төрт бірдей зілтеміршіміздің ағзасынан тыйым салынған дәрі табылды деген айып қазақ жанкүйерлерін біраз есеңгіретті. Қарапайым көк жәшік сыртынан бақылайтын көрермен де, жылы креслодағы шенділеріміз де өре түрегелді. Биыл да жеңісті сәт қайталана ма деген дәмеміз де бар еді. Жасырмаймыз. 2012-нің жетістігін енді ғана жіпке тізген Халықаралық ауыр атлетика Федерациясының бұл тірлігі күмән мен күдік қана туғызады. Осы салаға жауап беретін ведомство өкілдері қажет болса доппинг дауына қарсы шағымданамыз деп отыр.

«Ресми мәліметтерге сүйенсек, біздің спортшылардан алынған А және Б допинг сынамалары күмән тудырды. 27 маусымда Халықаралық олимпиада комитетінде тәртіптік комиссия біздің спортшыларға қатысты мәселені қарастырады. Бұл уақытқа дейін олар спорттан шеттетілді. Спортшылар жаттығуға қатыса алады, дегенмен шешім қабылданғанға дейін еш жерде өнер көрсете алмайды. Біз өз тарапымыздан қажетті барлық жағдайды жасаймыз», - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен МҰСАЙБЕКОВ.

Ильин, Чиншанло, Манеза, Подобедоваға станазол атты күш-қуат беретін препарат пайдаланды деген айып тағылуда. Маусымның басында шетелдік БАҚ зілтеміршілеріміздің атын атап, ұлардай шулағанда үміт басым еді. «В» сынамасын тексеру барысында оң көрсеткіш көрсетіп, ақтап аламыз ба деген сенім болды. Әттең. Бұл жолғы жаңалық та жағымсыз. Ендігі бар үміт, 27 маусымда күні өтетін тәртіптік комиссия. Мұнда П2 сынамасы ашылады. Спортшы өз шешімін беріп, шығындарын өзі толық көтеруі тиіс.

«Енді тарихты айтсақ, көптеген спортшылар осындай доппинг дауына жақсы юристтермен бірлесе оң жаққа қарай шешіп жатты. Сол себепті спортшыларымыз жан-жақты дайындалып жатыр, ол үшін спортшыларымыз құқықтарын қорғауға мүмкіндіктері бар», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Қиындықтан қашпайтын, қаны мен жаны шыққанша жаттығатын Илья Ильин әлеуметтік парақшасына жазба қалдырды. Батыр ұл «келіп түскен хабар, төбемнен жай түскендей болды» дейді. Ол өмірінің 20 жылын спортқа арнаған. Күніне 3 рет еш ерінбей жаттығуда. Жанкүйерлерінің сеніміне селкеу түсірмеген.

«Мен Илья Ильинді бала кезінен бастап білемін. Бірақ менің ойымша, мұны жала деп есептеймін. Енді оны анықтай жатыр. Илья күші жағынан да, техникасы жағынан да мықты спортшы», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ.

Пекин мен Лондондағы сынамаларды қайта ашуға бел буған Комитет 10 спортшының қанынан тыйым салынған дәрі іздерін тапқан. Ең қызығы, қара тізімге іліккендердің барлығы посткеңестік мемлекеттен.

«Ильин Олимпиадан кейін де қаншама жарыстарға қатысты. Зүлфия Чиншанло да Азия ойындарында, әлем чемпионатында жүлделі орындар алды. Ол кезде де табылған жоқ. Сондықтан бұл жерде, Ресейге Батыс елдерінің, Еуропаның спортқа салып жатқан санкцияларының Қазақстанға тиіп кетіп отыр», - деді Спорт сарапшысы, журналист Руслан МЕДЕЛБЕК.

Төрттіктің соңынан шам алып, ізіне түскендер соңғы шешімдерін 27 маусымда айтады. Бұдан кейін де біздің тарап 20 күн ішінде шағым түсіре алады. Ал біздің қолымыздан келетіні, бір емес, бірнеше рет талайдың таңдайын қақтырған дарабоздарымызды қолдау. Жеңісті жолдан таймауын тілеу.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан  

Прямой эфир