16.06.2016

Тянь-Шань обсерваториясы ғаламтор желісімен жабдықталған

Алматы қаласында орналасқан Асы-Түргендегі обсерваторияда тағы ұзындығы жарты метр болатын телескоп осы жылдың аяғында іске қосылмақ. Есте болса, 1990-шы жылдары Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы құлдырап, қос бірдей 1 метрлік телескоптар жұмыс істемей қалған еді. Ал 2013 пен 2014 жылдары бұл маңызды нысандар қайта жаңғыртылыпты. Сондай-ақ «Орбита» радиополигоны да толықтай жөндеуден өткен.

Бұл қос телескоп орналасқан нысан 2 жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өтіп, барынша автоматтандырылыпты. Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы бұған дейін қажетті бөлшектер болмаған соң, жөнделмей босқа тұрған. Кейін бұл ғимарат Астрофизика институтының басқаруына беріліпті. Содан бері мамандар обсерваторияны модернизациялау ісін қолға алып, ғимаратты ғаламтор желісімен және соңғы технологиялармен жабдықтаған. Бұл Қазақстанның кез келген жерінен ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жаңғырту жұмыстарының арқасында астроном-бақылаушылар ғылыми деңгейде астрофизикалық зерттеу жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Оның ішінде олар жұлдыздар мен кометалар және астероидтардың қозғалысын бақылайды. Теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікте орналасқан орталық 11 ғылыми бағдарлама бойынша шетелдік әріптестерімен бірге жұмыс істейді.

«Бұл екі маңызды нысан Қазақстанның ғарышқа қажетті зерттеулерін жүргізеді. Бүгінде біздің елде 4 спутник бар. Олардың дұрыс жұмыс істеуін де біз бақылаймыз. Ғарышта соқтығулардың болмауы үшін алдын ала шаралар жүргіземіз. Біз ешбір мемлекет бере алмайтын ақпаратты алып отырмыз. Нысандардағы құрылғылар қайтадан жаңартылды. Әлемнің кез келген жеріндегі ақпаратты осы телескоптар арқылы көріп отыруға әбден болады. Ғарышқа спутник жіберетін кез келген мемлекетте обсерватория болуы керек. Қазақстан бұл тұрғыдан ешкімнен қалыс қалған жоқ», - деді «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ президенті Шыңғыс ОМАРОВ.

Бүгінде дәл осындай Орталық Азиядағы обсерваториялардың жағдайы тым жақсы емес. Тіпті ескі құрылғылармен жұмыс істегендіктен, дәлме-дәл ақпарат тарата алмайтын көрінеді. Әлемде Ресей, Қытай, АҚШ және Жапония цифрлы фотоаппараттармен жабдықталған заманауи телескоптарды қолданады. Десе де, біздегі құрылғының мүмкіндігі аз емес. Бұл қос телескоп орналасқан нысанда бір түнде 700 сурет түсіреді. Ал маңызды құжаттар қатты дискіде сақталатындықтан, 100 жылға дейін әрін кетірмей тұрады. Астероидтардың қозғалысын дер кезінде анықтамаса адам өмірі үшін қауіпті. Ал мына «Орбита» радиополигоны 12 метрлік антеналар арқылы күннің өзінде болып жатқан физикалық үрдістерді анықтайды. Ал ақпараттарды қорғаныс министрілігі, ауылшаруашылық пен білім және ғылым министрлігі де қолданады.

Айта кетейік, Тянь-Шаньдағы обсерваториядағы телескоптар Қазақстандық казсат-2 мен казсат-3 геостационарлық серіктеріне бақылау жүргізеді. Зерттеу кезінде бірден фотометрлік және спектрлік мәліметтер алып отырады екен.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир