20.06.2016

Мектепке алғаш баратын бүлдіршіндер тест тапсырмайды

Елімізде мұғалімдерді қайта даярлау курстарына жіберу үшін 10 миллиард теңге бөлінеді. Биыл бұл қаражат 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу аясында жаратылмақ. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында шаралар қолға алынған.

12 жылдық білім беру оқыту жүйесінде енгізілген кезекті реформа. Оны іске қосу талай рет шегерілген болатын. Себебі оған материалдық база, оқу құралдары мен кадр да дайын емес еді. Дегенмен мамандар оны жүзеге асыруға бекінді. Білім және ғылым министрлігі сөзінше, оқушыларға артық салмақ түспейді.

"Қазіргі бағдарлама бойынша оқушылар қажетті, жаңа білім алмай отыр. Оларды оқу мен әліпбиге үйретуде. Бұл керекті нәрсе. Дегенмен балалар бірінші сыныпқа мұның барлығын үйреніп келеді. Сондықтан білім жүйесін жаңарту керек",- деді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Юлия КУЧИНСКАЯ.

2012 жылдан бері 325 мың мұғалім бюджет қаржысы есебінен 12 жылдық білім беруге көшуге орай қайта даярлау курстарынан өткен. Үш тілде білім беру жобасын жүзеге асыру үшін 675 ұстаз химия, биология, физика және информатика пәндері бойынша ағылшын тілінде 4 айлық курстан өтеді.

"Қазір еліміздің білім беру жүйесінде барлығы 325 мың мұғалім жұмыс істеп жатыр. Жаз басталғалы 84 облыстық мектептегі 680 ұстаз шет тілін меңгеруге кірісті. Алдағы уақытта әр жыл сайын 5200 маман 4 айлық курста білімін шыңдайды деп күтілуде",-  деді ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира СҰХАНБЕРДИЕВА.

Оқушыларға қосымша демалыс күндер берілмек. Оқу аптасын қысқарту барысында бірінші сынып оқушыларында 33 демалыс күні пайда болады. Еске сала кетейік, бастауыш сынып оқушылары аптасына 5 күн оқуды жаңа оқу жылынан бастайды. Ал, мектеп табалдырығын енді басатындар қосымша тест тапсырмайды.

12 жылдық білім беру әлемнің 136 елінде іске асырылады. Соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Францияда енгізілген. Оған қоса, соңғы жылдары Беларусь, Армения, Тәжікстан да көше бастады.

Перизат Көмекбайқызы, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир