09.06.2016

Кәсіпкерлікті дамыту картасы сынға ұшырады

Кәсіпкерлікті дамыту үшін іске қосылған өңірлік карта сынға ұшырады. Аталмыш жобаны жасаушылар алматылық кәсіпкерлерге картаның бизнес үшін тиімді тұсы мен даму деңгейін таныстырды. Алайда кәсіпті нәсіп еткеніне талай жылдың жүзі болған білікті бизнесмендер жобаның шикі екенін қадап айтты.

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы былтыр Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысымен қолға алынып, жарты жыл көлемінде қазына қаржысына жасалынған. Мақсаты - еліміздегі кәсіпкерліктің даму барысы мен кәсіп ашқысы келетін жандарға қандай жағдай жасалатыны жөнінде ақпарат беру. Жобаны жасаушылар Республиканың 16 өңірі мен Алматы және Астана қалаларының кәсіпорындары толық зерттеп, картаға енгіздік дейді. Әрі картадан әр аймақтың әлеуетін, түрлі нысандардың орналасуы жайлы және кәсіпорынды қалай ашу керектігі жайлы ақпарат та қамтылыпты. Бұған қоса, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсететін қандай бағдарламалар бар екендігін де енгізіпті-мыс.

"Осыдан 2 ай бұрын жобаны іске қостық, қазірдің өзінде сайтты 45 мыңнан астам қарап үлгерді. Бұл аз емес, дегенмен біз картаны жан-жақты дамытып, кәсіпкерлер арасында кеңірек дәріптеуді көздеп отырмыз. Жалпы бұл жоба өткен жылы тамыз айында қолға алынған болатын. Республиканың әр өңіріне зерттеу жүргіздік. Тіпті, жобаны жасау үшін шетелдік мамандар да атсалысты",- деді «Атамекен» ҰКП жанындағы аналитикалық орталықтың директоры Ерлан ХАСЕНБЕКОВ.

Іске қосылғанына 2 айға жуықтаса да, кәсіпкерлердің картасын жасаушылар мемлекеттік тілді менсінбепті. Сайтқа кірген азаматтар үшін тек орыс және ағылшын тілінде ғана қызмет көрсетіледі. Мемлекеттің тапсырысымен жасалған кәсіпкерлер картасының тек веб ресурсын жасау үшін 2 млн теңге жұмсалыпты. Картаның таныстырылымына келген алматылық кәсіпкерлер бірден жобаның кем-кетігін тізді. Бірі - сайттың дизайны мен түсінің сәтсіз таңдалғанын айтса, ендігісі - картада кәсіпкерлер үшін толық пайдалы ақпарат жоқ деді. Кәсіпкерлер картада шағын және орта бизнес жайлы ақпараттың жоқтығын да сынға алды. Сондай-ақ олар кәсібін ашқысы келетін азаматтар үшін қандай жағдай жасалатыны жайлы жарытып жауап жазылмаған деп қадап айтты.

"Картаның кемшін тұстары өте көп. Онда Қазақстанның жалпы кәсіпкерлігі жайлы ақпарат қана орналасқан, ал кәсіпкерліктің қалай дамып жатқаны және қай деңгейде екені мүлдем жоқ. Бұл карта кәсіп ашқысы келетін, бірақ ақшасын қай салаға құярын білмей жүрген адамдарға бағыт беру керек қой. Алайда бұл ескерілмеген. Сондай-ақ сайтта интерактивті карта болса, жақсы болар еді. Мәселен, мен дәріхана ашқым келсе, карта арқылы қаланың қай жерінде қандай дәріхана барын, қай жерінде тапшы екенін көруім керек.Ондай кәсіпті ашқанда мемлекеттен қандай қолдау көрсетілетінін де білуім керек. Өкінішке қарай бұл картада ондай ақпарат ескерілмеген",- деді кәсіпкер Мунавар БАЛТАШОВА.

Жобаны жасаушылар "кәсіпкерлер айтқан ескертпе сынның барлығы ескерусіз қалдырмаймыз, бұл әлі толық жетілмеген тың жоба" деп ақталумен болды. Алдағы уақытта кәсіпкерлер картасын іскерлер үшін барынша ыңғайлы етіп, маңызды ақпараттармен толтырамыз деп уәде етті. Сондай-ақ мобильнік нұсқасын жасауды да қолға алатындарын жеткізді.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир