15.07.2016

Өлім іздеген науқас қызды психологтар райынан қайтара алмай отыр

Өлім іздеген Галинаны психолог та, дәрігер де, туыстары да райынан қайтара алмай отыр. Сейсенбідегі эфирімізде эвтаназия сұраған науқас қыз туралы баяндаған едік. Бұл оқиға қоғамда түрлі пікірге түрткі болып, резонанс тудырды. Жұртшылық Галина Бочкароваға қол ұшын созып, өмірге сүйіспеншілігін оятқысы келетіндерін жазуда. Біздің тілшілеріміз науқастың жағдайын тағы біліп қайтты. Қазір Галина дәрігерлер мен психологтар назарында. Ал, заңгерлер Галинаның ойға алған мақсаты орындалмайтын іс екенін айтады.

34 жастағы Галина Бочкареваның жанайқайы туралы материал жаңалықтарымыздан көрсетілген соң, қоғамда бұл жайтқа байланысты түрлі пікір қалыптасты. Дімкәс жанның таңдауын құптамайтындар көп, әрине. Біз Галинаның жағдайын білу үшін үйіне арнайы бардық. Телевизиялық сюжеттен соң өміріне ден қоюшылар көбейгенмен, науқас қыз эвтаназия туралы ойынан қайтпапты.

«Менің жиған-тергенім бар, бірақ ол ақшаны маған көмектессін деген оймен жинаған жоқпын. Жұрттың жазған пікірлерін оқыдым. Оларға рахмет! Бірақ мен эвтаназия туралы шешімді бірнеше жыл бұрын қабылдап қойғанмын», - деді Галина БОЧКАРЕВА.

Біз барғаннан кейін, туыстары Галинаны сыртқа серуенге шығаруға келісті. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзі барған «мүгедектер клубы» Галинаға арнайы арба да сыйлаған екен. Десек те, жарымжан өмірге деген құштарлығының жоқтығын айтып налуда. «Эвтаназия» грек тілінен аударғанда «жақсы өлім» деген мағанынаны білдіреді. Әлдебір әрекетпен немесе құралдармен, соның ішінде адам өмірін жасанды ұстап тұрған аспаптың жұмысын тоқтату жолымен, төзгісіз аурумен ауыратын науқастың өлімін тоқтату тәжірибесі. Бұл медициналық шара біздің елімізде тыйым салынған. Тіпті заңмен қудаланатын қылмыс болып табылады.

«Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес, эвтаназияға тыйым салынған. Яғни, адамның қалауымен өмірін қиюға көмектесетін құзырлы орындар жоқ. Сондықтан ол қылмыстық кодекс арқылы жазаланады. Бұл түсінік Қазақстанда талқылауға жатпайды», - деді Ұлттық медицина қауымдастығының президенті Айжан САДЫҚОВА.

Қазақстанда бұған дейін эвтаназияға өтініш дерегі тіркелмеген. Заңгерлердің айтуынша, Еуропа елдерінде бұл қалыпты медициналық көмек саналады. Әрине, ерікті өлім үшін де қомақты ақша төлеу қажет. Швейцария, Бельгия, Нидерланд секілді елдерге кей «туристер» эвтаназия үшін арнайы баратыны туралы ақпарат бар. Бірақ ескеретін жайттар көп.

«Эвтаназия жасатудың шарттары әр елде әр түрлі болуы мүмкін. Біздің азаматшаның өтініші сол талаптарға сай болмауы ықтимал. Түрлі тексерістер жүргізіледі. Егер ол өлім аузында қиналып жатса, келісуі мүмкін, әрине. Ал, ол басқа елден келген турист болса, бұл мәселе қатаң тексеріледі. Галинаның жағдайында бірнеше жайтты ескеру керек. Сал ауруы эвтаназия жасатуға түрткі бола алмайды», - деді заңгер Айгүл ЕРБӨЛЕКОВА.

Галина туралы бейнематериалымыздан кейін, дәрігерлер мен психолог мамандар науқас қыздың үйіне жиі келетін болыпты. Қазір медицина қызметкерлері тиісті талдамаларын алып, тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қажет болса, күнде келеміз, дейді.

«Қажет болған жаңдайда пациентпен күнде кездесіп, бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Кешенді жұмыстар басталып та кетті. Тиісті талдамаларды алып, жағдайын жақсартатын дәрілер мен дәрумендерді де бердік», - деді №15 емхананың учаскелік дәрігері Байдәулет КЕҢЕСБАЕВ.

Психологтар Галинамен етене тілдесіп, жанын түсінуге дайын. Бірақ ертерек қолға алу керек еді, дейді. Эвтаназия туралы райынан қайтару үшін өмірге деген көзқарасын өзгерту керек деген пікірді ұстанып отыр. Әр адамның өмірі маңызды. Конституцияда да әрбір қазақстандықтың өмір сүруге құқы бар екені тайға таңба басқандай жазылған.

Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир