17.06.2016

Мүгедектерді оңалту орталығы жалға алған нысанға төлем жасауға құлықсыз

Екі мекеме арасындағы текетірес. Мүгедектерді оңалту орталығының қызметкерлері 2014 жылы жалға алған нысанға төлем жасауға құлықсыз. Ал, ғимаратты жалға берген «Апаттар медицинасының темір жол госпиталі» акционерлік қоғамы осыған орай оларды сотқа берген. Нәтижесінде сот нысанды босатуға шешім қабылдапты.

Даудың басталғанына бір жыл болған. Бұл жекелеген мүгедектерді оңалту орталығының қызметкерлері сот шешімімен келіспеуде. 2014 жылы оңалту орталығы «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» акционерлік қоғамымен нысанды жалға алу туралы келісім шарт жасасқан. Алайда, жалға берушілерге төлеуі тиіс болған ақшаның бір тиынында төлемепті. Сөйтіп, сот шешімі бойынша, олар нысанды 23 мамыр күні босату керек болған.

«Бұл нысан «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» акционерлік қоғамына тиесілі. Мамыр айында сот шешімі бойынша бұл оңалту орталығы нысанды босату керек болған. Бес жүз мыңға жуық қарызы болса да, нысанды босатқылары жоқ. Біз бұл нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, медициналық тұрғыда пайдаланбақпыз», - деді «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» АҚ Алматы қаласы бойынша бөлімшесінің заңгері Айнагүл ТӨРЕЕВА.

Ал, мүмкіндігі шектеулі жандар басқа нысан тапқанша тағы да уақыт беруді сұрап отыр. Алайда, бес жүз мыңға жуық қарызы бар оңалту орталығының директоры аталған соманы төлеуден бас тартпаймыз деп отыр.

«Бізге тағы уақыт берсе дейміз. Өйткені қазір нысан табу қиын. Қарызымызды төлеуден қашпаймыз. Бірақ осы уақытқа дейін су, жылу, электр қуатынан ажыратып келді. Біздің жағдайымызды түсінгілері келмейді», - деді оңалту орталығының директоры Ербол ИГЕМБЕРГЕНОВ.

Нысан иелері олардың шыққанын қалайды, өйткені орынды босату жөнінде сот шешімі бар қолдарында. Ал, жеке кәсіп ашып, напақасын тауып отырған оңалту орталығының қызметкерлері нысанды босатқысы жоқ. Себебі, тым болмаса басқа ғимаратқа көшкенше мүмкіндік берсе деген ғана уәжі бар.

Азамат Әуезхан, Ғибрат Бакаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир