07.07.2016

Наурызбай ауданының дамуына үлес қосқан азаматтар алғыс хатпен марапатталды

Қазақстанның төрт тарабы түгел тойлайтын елорда күнін Алматының кенжесі Наурызбай ауданы да ерекше атап өтті. Тұрғындарды жүрекжарды тілегімен құттықтауға келген аудан басшысы болашақта адам танымастай өзгеретін Наурызбай ауданында атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Селден секем алған жұртқа енді алаңдаудың қажеті жоқ. 10 күннен соң Қарғалы өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары басталады. Бұған қоса биыл ауданда 500 мың шаршы метр аумаққа көпқабатты тұрғын үй салу жоспарда бар.

«Астана күніне» арналған мерекелік шараға жиылған жұрт әуелі оқушылардың қолымен жасалған өнер туындыларының көрмесін көріп, концерт тамашалады. Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан аудан басшысы тұрғындарды құттықтап, Астананың ел тарихындағы орнын атап өтті. Ауданның дамуына үлес қосқан азаматтар алғыс хатпен марапатталды.

Мерекелік шара кезінде туған күні Астанамен бір айда тойланатын Наурызбай ауданының даму жоспары тілге тиек етілді. Тура он күннен соң ауданда Қарғалы өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары басталады. Жобаға сәйкес өзен жағалауы таудағы бөгеттен бастап, Жандосов көшесіне дейінгі аралықта жаңғыртылады. Өзен арнасы тереңдетіліп, екі жағалауы бетонмен бекітіледі. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарға сел мен су тақынынынан қорған болмақ. Сондай-ақ өзен бойын жағалай маңайға жүргіншілер жолы төселіп, көріктендіру жұмыстары жүргізіледі. Ал, ауыз судан таршылық көрген қарашаның мәселесін шешу үшін арнайы жоспар бар.

«Наурызбай ауданын жалпы сумен қамтамасыз ету жобасы дайындалып жатыр. Бұл жобада қарастырылған Қарағайлы және Ақсай өзендерінен су тартуға және үлкен көлемдегі су қоймасының құрылысы сол жобада қарастырылған. Одан басқа, күзге дейін ауданымызда 8 км-дай арық жүйесін салуды жоспарлап отырмыз. Көшелерді және аулаларды жөндеу жұмыстары қарастырылған болатын. Аудандағы магистральдік көшелерді жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Қазіргі уақытта ауданның 153 гектар аумағында әкімшілік орталық салынып жатыр. Мұнда әкімдік ғимараттан бөлек, ішкі істер басқармасы, прокуратура, сот, халыққа қызмет көрсету орталығы бой көтереді. Құрылыс жұмысы 2017 жылдың қыркүйек айында толық аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ осы аумақтан 500 мың шаршы метрге 30 мың адамға шақталған зәулім тұрғын үй құрылысы басталады.

«Халық риза, қалаға қосылғаннан кейін көп жеңілдіктер болмақ. Ақсақалдарға, көп балалы аналарға, инвалидтерге көп жеңілдіктер қарастырылған бар. Ауылдан қалаға өткенімізге халқымыз қуанышты», - деді Ысқақбек МЕРГЕНБАЕВ.

«Бірталай көшелерді асфальттап, жақсылап жөндеп берді. Биылдың өзінде 7-8 көшені асфальттап, Қарағайлы ықшамауданында сондай үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Егер біз бұрынғы Қарасай ауданында болсақ, мұндай біз көмек ала алмайтын едік», - деді Тілеужан ӘБДІХАЛЫҚОВ.

Халық саны күн санап артып келе жатқан жас ауданда келер жылы 1200 оқушыға арналған су жаңа мектеп пен бір мезетте 500 адамды қабылдауға қауқарлы емхана қолданысқа беріледі. Кәсіпкерлердің көмегімен салынып жатқан қос нысанда қазір құрылыс қарқынды жүргізілуде.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир