22.06.2016

Оңтүстікте шегірткелердің қаптауына шенділер кінәлі болып шықты

Допинг тексеретін сапалы зертхана өз елімізде ашылуы тиіс. Мұндай тапсырманы Премьер-министр Спорт комитетіне жүктеді. Зілтеміршілерімізге тағылған айыптан арыла алмаған Қазақстан осылайша әрекет етпек. Үкімет сағатына министрлер кабинетімен толық құрамда селекторлық жиын өткізген Кәрім Мәсімов екі жарым сағаттың ішінде қоластындағылардың барлығын бір сыбап алды. Кемшіліктерге жол беріп, жүрдім-бардым қарайтындар қатаң жазаланады деді Мәсімов. Ауыл шаруашылығы, ел экономикасында қордаланып қалған мәселелер айтылды. 

Диқандарымызды қыруар шығынға батырған шегірткелердің қаптауына шенділеріміз кінәлі болып шықты. Зиянкестермен күресті жауаптылар биыл кеш бастаған. Көктемнің ерте шығатынын ескермепті. Әуеден егін алқаптарын дәрілеу процесі шамамен бір айға кешіктірілген. Бұл уақытта ауыл шаруашылығының тізгінін ұстағандар қағаз жұмыстарын реттеп басы қатқан. Байқау жүргізіп, кімнің дәрісімен дәрілейтіндігін шешіп жатыпты. Кесірінен соңғы тиынын қара жерге салған қарапайым шаруалардың еңбегі еш кетуде.

"Шабуылға шыққан шегірткелермен күресті кеш бастадық. Қазір жауаптыларды анықтап, арнайы комиссия құрдық. Бірнеше жауапты тұлғаны жұмыстан босаттық. Облыстық фитосанитарлық тексеру орталығының директоры және Сарыағаш ауданындағы филиал жетекшісі қызметтерінен босатылды",- деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ.

Спорттағы саңлақтарымызға тағылған айыптар тақырыбын да айналып өтпеді мінбердегілеріміз. "Елімізде допинг тексеретін сапалы зертхана ашатын кез жетті",- деді Премьер. Дарабоздарымызды өзгеге жәутеңдетпей, жарысқа дейін де, кейін де ағзасын тексеру мүмкіндігі туады сонда.

"Бұл жобаны аяқсыз қалдырмауды тапсырамын. Спорт комитеті жуырда маған зертхана жөнінде құжаттар көрсетіңіздер. Құрылысқа ақша демеушілер есебінен салынсын",- деді ҚР Премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ.

Үкіметтің арнайы қорынан 100 млрд-қа жуық ақша бөлінеді. Қыруар қаржы мемлекеттік бағдарламаларды орындауға жұмсалмақшы. Агроөнеркәсіп саласында тұралап қалған тірліктер де осы қаржының демеуімен жүзеге асады.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, "Алматы" телерарнасы Астанадан

Прямой эфир