15.07.2016

Парламент Мәжілісінің депутаттары «Универсиада-2017» нысандарын аралады

Қысқы Универсиада ойындары үшін салынған мұз айдыны 30 тамызда толығымен тапсырылады. Қазір сарай ішіне орнатылған құрылғыларды сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, кешеннің құрылысы мерзімінен бұрын аяқталған болатын. Аталған нысандарды Парламент Мәжілісінің депутаттары аралады.

Универсиадаға арнап салынған 12 мың орынды мұз айдын Алматының тағы бір айбынды нысанына айналады. Заманауи үлгіде тұрғызылған кешеннің келешегі кемел. Спорт додасына арналған нысандар құрылысын арнайы аралаған Мәжіліс депутаттары осындай ойда. Спорт сарайында бірнеше спорт түріне арналған залдан басқа да залдар, фитнес орталығы, бассеинде бар. Олар халықаралық дода аяқталған соң, мұқым елдің игілігіне жарайды. Мәселен, спорт секцияларының бағасы өзге кешендерден екі есе арзан болмақ. Бұл бір жағынан нысанның қаңырап қалуына жол бермеу әрі бұқаралық спортты дамытудың тиімді жолы.

«Универсиада төңірегінде, Алатау ауданында екі унивесиада нысаны бар. Бұл өзіміз тұрған 12 мың орынды мұз айдыны, қосымша осының қасында 5 орынды атлетиккалық қалашық. Сонымен қатар, Медеу ауданында 3 мың орындық мұз айдынның құрылысы да жоспарға сәйкес жүргізілуде», - деді Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғәріп ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.

2017 жылы Алматыда өтетін байрақты бәсеке тек еліміздің ғана емес, әлем тарихында да орны ерек. Рекордтық көлемдегі елдер қатысатындығы бір бөлек, бұған қоса бұндай дүбірлі дода ТМД елдерінің аясында бұрын-соңды болмаған. Үшіншіден, қысқы Универсиада тарихында алғаш рет атлеттер қалашығы салынып жатыр. Дүниежүзілік додаға әлемнің алпысқа жуық елінен спортшылар келмекші.

«Біз 64 елден 5 мыңға жуық спортшының қарсы алуға қауқарлымыз. Дода аяқталған соң бұл кешендер қаланың олипиадалық жарыстарға дайындалатын алаңына айналады. Бұл деген Алматыдағы спортты жаңа деңгейге дамытудың берік тағаны болатыны сөзсіз», - деді Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль НҰРОВ.

Жалпы Қысқы универсиада құрылысын салу барысында 4 жарым мың адам жұмыспен қамтылған. Ал, мұз айдыны кешені 30 тамызда толығымен тапсырылады. Спорт сарайы халық игілігіне берілген соң, қазынаға түсетін салық көлемі 9 млрд теңгеден асады деп болжанып отыр. Айта кетейік, Универсиада кешендерінің құрылысына жұмсалған материалдардың 60 пайыздан астамы отандық өнім.

Қысқы Унивесиада ойындарының ең негізгі жарысы өтетін зал осы. 12 орынды мұз айдынның құрылысы мерзімінен 3 ай бұрын аяқталған. Бұл жерде спортшылар бірнеше спорт түрінен бақ сынасады. Ал, қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты дәл осы залда өтетін болады.

Үмбетәлі Меймеш, Ғибрат Бақаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир