10.06.2016

Тәуелсіз Қазақстан тарихында төрт рет қаралы күн жарияланды

9 маусым -  ұлттық аза тұту күні. Бейбіт күнде ел тыныштығы жолында жүріп, шейіт болған азаматтарды еске алу жөнінде Президент пәрмен берді. Ақтөбеде сойқан салған содырлардың кесірінен аңырап анасы, жамырап баласы қалған отбасыларға қалың қазақ көңіл айтуда. Елдегі тулардың барлығы төмен түсіріліп, ойын-сауық іс-шаралар кейінге шегерілді. 

Қаралы күн, мұңға толы азалы, 
Жүрегі бар жанның бәрі жаралы.
Өзі тіккен өз отауын қиратса,
 Уа, ағайын, Алаш қайда барады?

Мәжілісмен Бақытбек Смағұл бұл өлең жолдарын Ақтөбеде қаза тапқан ерлеріміздің құрметіне арнап шығарыпты. Лаңкестерге тосқауыл жасап, ұлты үшін қарулы тобырға қарсы тұрған ерлер ел есінде мәңгі қалмақ. Арнайы аза тұту күні де белгіленді қазақ жерінде. Ер азаматынан айырылған әр отбасыға 5 миллион теңгеден берілді. Әкесіз жетім қалған бүлдіршіндер мемлекет қарауына алынды.

"Өзіміздің мәдениетімізге, әдет-ғұрпымызға, ата-бабамыздан келе жатқан ата дәстүрімізбен бірген, қазақи дәстүрімізбен бірге, өмір бақи өмір сүріп келе жатқан өз мазхабымыздан аластап, өзгеге жақын болып, біз тату бола алмаймыз. Сондықтан осындай мәселеде тек діндарлар ғана емес, билік өкілдері де сырт айналып өтуіне ешкімнің хақысы жоқ",-деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  Бақытбек СМАҒҰЛ.

Тәуелсіздігін тіктеген Қазақстан үшін бұл осымен төртінші аза тұту күні. Ең алғаш 2012 жылдың 5 маусым күні жарияланған. «Арқанкерген» бекетіндегі шекарашыларды аза тұтып едік бұл кезде. Ал 2012 жылдың 27 желтоқсанында АН-72 ұшағы құлап, 27 әскери қызметкердің әруағына құран бағышталған. Содан кейін 2013 жылдың 31 қаңтарында «Көкшетау-Алматы» бағытында ұшып шыққан ұшақ апатқа ұшырап, 20 адам мерт болды. Бұл үшінші қаралы күн. Соңғысы кеше ғана ойда жоқта орын алған Ақтөбе ойраны.

Ақтөбе қаласындағы оқиғаларға байланысты, Президент Назарбаев қаралы күн деп жариялады. Мәжіліс депутаттары мұны қолдайды. Себебі біз экстремизмнің болмауына жол бермеуіміз қажет",- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш АМАНЖОЛОВА.

«Лаң тудырған лаңкестікті түп тамырымен жою үшін қайтпек керек?» деген сауал биік мінбердегілердің де, қарапайым қарашаның да көкейінде. Саясаттанушы Ерлан Саировтың пікірінше, жат ағымдағы жаулармен күресте бірінші кезекте ұлттық тәрбиені кейінге шегермеуіміз қажет. Ал, біз 25 жыл ішінде өзгені төрімізде шығарып, тіліміз бен дінімізді кенжелетіп қойдық.

"Мынау қазақтың ұлттық мәдениетіміз - ол барлығымыздың мәуелі бәйтерегіміз. Енді көріп жатырсыздар, соңғы жылдары қазақтың дәстүрлі мәдениетінің өзіне шабуыл болып жатыр. Мынау салафизмнің дамуы дәстүрлі мәдениетіміздің дамуына кесірін тигізетін үлкен қауіп-қатер. Міне, біздің басшылық осы жағынан ойлануы қажет",- деді  саясаттанушы Ерлан САИРОВ.

Айрандай ұйып отырған елді іркіттей іріткісі келгендерге жаза қатаң. Көзін құртып жоюды тапсырды Елбасы. Ал, біз сын кезеңде мойымай, керісінше етек-жеңді жинауымыз тиіс.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, "Алматы" телеарнасы Астанадан

Прямой эфир